Жаңалықтар

Ата-ана мектептегі баласының қауіпсіздігіне алаңдамауы керек – Смайылов

Ата-ана мектептегі баласының қауіпсіздігіне алаңдамауы керек – Смайылов
Фото: rg.ru 07.03.2023 12:32 1071

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалымен Үкіметтің кезекті отырысында «Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және оқу процесін цифрландыру» және «Гендерлік тендікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамту және олардың денсаулығы» атты екі мәселе қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бірінші мәселе жөнінде баяндаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде 2020 жылға қарағанда бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген білім беру ұйымдарының саны 2,5 есе, лицензияланған күзет қызметімен қамтылғандары 7 есе, ескерту түймелерінің саны 21 еске өскенін мәлімдеді. Аталған жұмыстар одан әрі жалғасу үстінде.

Аталған мәселе жөнінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сөз алып, республикада білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғау жөніндегі Нұсқаулық бекітілгенін айтты. Нұсқаулық бойынша 300-ге дейін оқушысы бар мекемелерде бейнебақылау және құлақтандыру жүйелерінің болуы қажет, ал 700 адамға дейінгі нысандарда – бейнебақылаулардың жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосылуы және дабыл түймелерінің орнатылуы тиіс. Ал егер адам саны 700-ден асса,  ол мектептер турникеттермен қамтылуы, қосымша лицензияланған күзет қызметімен шартқа отыруы міндет болып табылады. Бұл міндет облыстар орталықтарының барлық мектептеріне де қатысты.

Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев баяндады.

Мәселені Премьер-министр Әлихан Смайылов түйіндеді. Ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екенін атап көрсетті.

«Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек», – деп ескертті Үкімет басшысы.

Премьер-министр мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдануда екенін еске салды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.

«Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс» деген Премьер-министр бұл талаптың бұлжытпай орындалуын тиісті мемлекеттік органдарға тапсырды. Сондай-ақ мектептегі оқушылар қауіпсіздігіне қатысты басқа да тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға