Жаңалықтар

Ат жаратып, бәйге шапқан мәмлүктер

23.11.2022 03:31 2278

Ат баптау туралы тарауда мәмлүктер жылқыны жорық мақсатында жаратқаны айтылады. Соған қарамастан бәйге ұйымдастыру Мысыр мен Шам жерлерінде бұрынғы Тулун (868-905 жж.), Ихшид (905-968 жж.) түркі династиялары салып кеткен ескі сүрлеу еді. Ат жарысқа қатысты діни шектеулер қойылғандығына қарамастан ат жарысы әсіресе түркі билеушілері кезінде қатты дамиды. Тулун әулетінен шыққан билеушілер қаланың ортасында арнайы алаң жасап, ат жарыстары ұлттық мерекеге айналады. 

Шабандоздық өнері мәмлүктер тұсында ерекше дамығандығы таңқаларлық емес. Себебі билік басына келген қыпшақтардың дені шабандоздар, тақымгештер еді. Сейістер сатылып алынған жылқыларға бас үйретіп, оларды баптап, суытып, бәйгеге қосып, әскери және спорт жаттығуларына жаттықтырып пайдаларына жаратқан. Бәйгеден бөлек мәмлүк сұлтандары түрлі әскери ат ойындарын ұйымдастыратын. Әсіресе, сұлтан Байбарыс тұсында ерекше қанат жайып, ол күн сайын памдат пен екінді намазының арасында Каир қаласының төріндегі қамалдың етігінде орналасқан алаңға келіп түрлі әскери ойындар өткізетін. Садақ ату, найзамен жекпе-жекке шығу секілді соғыс тәсілдерінен озық шыққандарға жүлде үлестіретін. Осы дәстүрді сұлтан Қалауын және оның ұлдары Халил мен Мұхаммед одан әрі жалғастырған.

Кейбір тарихшылар мәмлүктер екі тең топқа бөлініп, күні бойы найзаласып, қылыштасып кешке қарай арнайы белгі беріліп әскери ойын тоқтатылатын. Екі жақ өліктерін жерлеп, жаралыларын алып, «араларында ештеңе болмағандай» қамалға қайтатын, сондықтан жекпе-жек және басқа ат ойындары жағынан мәмлүк мектебінің жұлдызы жарқырап шықты деп көрсетеді. Бұл фактінің шындыққа қаншалықты жанасатыны белгісіз. Өздері санаулы мәмлүктер бейбіт кезде бір-бірін жоюмен айналысуы мүмкін емес. Бірақ әскери жаттығулар кезінде мәмлүктердің жарақат алуы, тіпті қаза табуы орын алып тұрған.

Мәмлүктердің қамал түбіндегі ат ойындарына қарақұрым халық жиналып, тамашалаған. Мәмлүктердің осы ат ойындар туралы тарихшы әл-Қалқашанди: «Еріншектерге жігер береді, маубастардың ұйқысын ашады, қорқақтарды батыл етеді, сараңға жылқы ұстаудың, оған қаржы шығарудың рахатын көрсетеді, жасырын кек пен ғадауатты қозғайды, іште бұғып жатқан затты сыртқа шығарады, осы жолмен патша патшалығын сақтайды, күмәнсіз өзінің және айналасындағылардың аман қалуына қол жеткізеді», – деп жазды. 

Әскери практик және теоретик Лашын (1337 жылы қ.б.) өзінің «Дін жолындағы шайқасып жүргендерге сирек сыйлық» деген трактатында ат майданында, алаңда екі топқа бөлініп, түрлі үйлесімді қимылдар жасау мәмлүктердің топтасып қимылдауына үйретеді деп көрсетеді. Ол: «Соғыстың басты талабы – ержүректік таныту. Бұл кітапта ұрысқа қатысатын жауынгердің орны, онда қалай  тұруы, орналасуды білуі, түсінуі, бұйрық берушіге бағынуы, бұйрықпен бөліну, шабу, шегіну, алға ұмтылу, қашу, қайту мен шығу, найзаны ұстау, тізгінді босату, шабуыл мен қоршау, керекті жерде пайда бола білу мен аластап кету, өз орнын білу, басшының қулық (әзілі) мен шын айтып тұрғанын түсінуі баяндалады», – деп көрсетеді.

Жылқы жарысы, ат баптау және әскери ойындар өтетін майданға немесе алаңға бір-біріне жалғасып жатқан шеңберлер сызылады. Шеңбердің шарты дұрыс дөңгелек, ішкі диаметрі 35-40 қадам. «Бурджас» деп аталатын қарақшы бірінің үстіне бірі қойылатын жеті бөлік ағаштан жасалатын, биіктігі, жоғарыда айтылғандай, аттың шоқтығынан келеді. Осы қарақшының ең төбесіне темір шеңбер қойылады, мәмлүк шауып келіп, сол шеңберді садақпен атады, найзамен шаншиды.   

«Қабақ» деп биік ағаш діңгектің ұшына орналасқан қарауыл. Қазақта жамбы ату деп аталады, жамбы ұзын сырық басына ілінеді. Бастапқы кезде асқабақ қойылғанымен, мәмлүктердің материалдық жағдайы жақсарған соң асқабақ пішіндес темір ыдыс қоятын. Оның ішіне кептер отырғызады. Белгілі бір қашықтықтан шауып өткен мәмлүк атқан жебе ыдысқа дәл тисе ішінде кептер ұшып шығып, оқтың дарығанын білдіретін.

«Қиғаш» - ішіне құм толтырылған қоржын. Мәмлүктер қабақ атқан тәсілмен осы нысанды қарауылға алып жаттығатын. Қабақты атқанда жоғарыға қарай ату, қиғашты атқанда төменге қарай атады. Ала бурджасты атты садақшы өз деңгейіндегі қарауылға оқ атады.

Аталған әскери жаттығу түрлерін жасау үшін мәмлүк атқа жақсы отыра білуі, ат үстінен садақ ата білуі, алаң атпен шабуға ыңғайлы болуы, қабақ діңгегіне атымен соғысып қалудан сақтану керек (атыс қызығына түсіп атымен бағанаға соғылып қаза табу оқиғалары кездеседі) және шабандоз жарыс алдында атымен діңгекке қарай бірнеше рет шауып көруі керек. Ол үшін алаңға үш шеңбер сызып, діңгекті үшінші шеңберде орналастыратын.

Қазақ жерінде осы жауынгерлік дәстүр Балуан Шолақ өмірінде жалғасын тапқан. Ол 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алған.

Сонымен қатар мәмлүктер суға жүзе алуға үлкен мән берген. Олар қару-жарақтарын жел үрленген меске артып, өзендерді аттың құйрығынан ұстап терең өзенді кесіп өтуге, атсыз өздері жүзіп өтуге, қару-жарақпен жүзіп өтуге, ауыр заттарды алып өтуге машықтанған. Тарихшылар сұлтан Байбарыс қару-жарақпен дарияны жүзіп өтуге қатысқанын, бірде-бір мәмлүк пен бек оған жете алмағанын жазады. Мәмлүктер сахарада жүріп, қалайша жүзе алу маңызға иеленді деген күдік туса, аймақ елдері шөлді жерлерде орналасқанымен мәмлүктер мемлекеті әлемдегі ең ұзын өзен Ніл дариясы, оның теңізге құяр тұсындағы атырауда орналасқанын және олардың Кіші Азиядағы үлкенді-кішілі өзен-көлдер, Тигр мен Евфрат өзендері аумағында әскери жорықтар және ұрыстар жүргізгенін ұмытпау керек.

Мәмлүк ер-тоқымы

Мәмлүктер ат үстінде еркін қимылдау, атты өз ырқына көндіру үшін қажетті ер-тұрман, жүген-ноқтаның сан түрлерін пайдаланған.

Қыпшақ мәмлүктер арасында жылқының мойнына шайқаста өзі өлтірген жаудың бас терісі немесе түрлі аңдардың құйрығын іліп алу әдеті кең тараған еді.

Олар ат әбзелдерін төрт топқа - жүген-ауыздық, тізгін-шылбыр, ер-тоқым-үзеңгі және жабу деп бөлген. Жүгеннің теріден, матадан, темірден жасаған түрлері қолданылған. Оны алтындап, күмістейтін және әшекейлейтін. Оның ішінде сұлтан атымен аталғандары да ұлт атауларымен аталғандары болған. Мысалы,  түркі жүгені деп атаған. Тарихшылар ең жақсы жүген - қыпшақ сұлтаны Мұхамедтің атымен аталған «насири» түрі деп көрсеткен. Бұл жүген барлық жылқы түрлеріне жарайды және жануар аузы кең құмырадан су іше алады деп бағалаған. Тайбұқа деген тарихшы ең дұрысы біртұтас, темірден жасалған, атты тез жүгендеуге ыңғайлы назики деп аталатын түрі деп көрсеткен. Ал түркі жүгені аттың басын қылышпен ұрғанда да қорғаныс қызметін атқарады деп бағаланған.

Тізгінің үш түрі пайдаланылған. Шабандоз ат үстінде отырып тізгінді бел ортасынан ұстап өзіне тартқанда ердің алдынғы қасына жетсе орташа, асып кетсе ұзын, жетпей қалса қысқа саналған. Аттың шылбырын алтын, күміс шынжырлардан жасаған. Әрине, қайыстан немесе матадан жасаған түрлері де қолданылған.

Қыпшақ мәмлүктері кезінде ер-тұрманның бірнеше түрлерін қолданған. Олардың қатарына жоғарыда айтқанымыздай билеушілердің, ұлттардың атауларымен бөлінген ер-тұрмандар жатады. Мысалы, түркі, хорезм, араб ері, сұлтандар Байбарыс, Халил, Мұхамедтің титулдарымен аталған заһири, ашрафи, насири деген түрлері тарихи шығармалар бетінде аталады. Тарихшылары ер-тұрмандарға түрлі баға берген, соған қарағанда әр ер-тұрманның артықшылықтары мен кемшіліктері қатар кездескен. Тарихшы әл-Байтар ер-тұрманның ішіндегі ең артығы қыпшақ сұлтаны Мұхамедтің жаңартқан ері деп көрсетеді. Қандай ер-тұрманға және қалай жаңартулар енгізілгені айтылмағанымен бұл ер-тұрман түрі «барлық мініс аттарына жарайды, себебі құшағы кең (асты жазыңқы),  ердің қастары қысқа, терең емес, үйренушілерге де қолайлы», – деп көрсетеді.   

Тарихшы Али бин Дауд хорезм ер-тұрманы жеңіл, әрі жайлы бірақ садақ соғысына ғана жарайды, ал найзаласуға араб ер-тұрманы жайлы деп көрсетеді. Тарихшының араб ер-тұрманы найзаласуға ыңғайлы деп отырған себебі араб ер-тұрманының алдыңғы және артқы қастары өте биік келеді. Найзаласқанда ат үстінде берік отыру ерекше маңыздылығына қарай айтылған сөз. Алайда мәмлүктер ер-тұрманға қатысты ерекше көзқарас ұстанған. Араб ерінің кемшілігін Байсары деген бек садақ ату жарысында көрсетіп береді. 

Тарихшы Ибн Меңлібұға: «Әсіресе, артқы қасы биік, тар ер-тұрман үлкен қиыншылық тудырады. Бұл ер-тұрман түрі Мысырда кең тараған, оны ойлап тапқан парсылар. Қате жасалған, егер олар оның зиянын білсе жасамас еді. Қоржын салғанға және ат үстінде қол тартысына жақсы. Жақсы шабандозға жарамайды. Мен оның бойынан көптеген кемшілік таптым, соның жетеуін айтайын: аттыны шаршатады, қарсыластың найзасының ұшы тақалғанда жалтаруға кеңістікті шектейді, найзаны қамшымен, қолмен, қылышпен немесе қанжармен қайтаруға кедергі жасайды, ал тар жерде найзаға қарсы шарасыз қалады. Тар ер-тоқым шауып келе жатып садақ атуға қолайсыз, себебі шауып келе жатып садақ ату үшін ердің артына қарай жылжып, үзеңгідегі екі аяқты алға беру керек. Бұл  қажет зат. Сонымен қатар қажет жағдайда үстіндегі адам аттың артынан түсе алмайды. Менің басымнан сондай жағдай өткен, бірақ менің ер-тұрманымның артқы қасы, бұрынғылардың ер-тұрманы секілді төмен. Қазір де сондай ер-тұрманды пайдаланамын.

Егер қарсыластың артынан шабуыл жасағанда оның ер-тоқымының артқы қасы биік болса, аяғыңды үзеңгіден жылдам шығарып, соған аяқты тіреп қарсыласты тарту керек. Ол дайындықсыз адам болса оны ер үстінен жұлып кетесің. Қорыта айтқанда, егер аяқты қарсыласының ер-тұрманының артқы қасына тіресе қарсыласын аттан аударып тастайды. Шабандоз қабақ атуға шапқан кезінде немесе әуеде үстерінен ұшып бара жатқан құсты атқан кезде шалқаю керек болса ердің биік қастары кедергі етеді. Оның үстіне атқа мінген кезде оң аяқты барынша жоғары көтеруге тура келеді. Ал атқа мінгенде ердің артқы қасынан ұстап мінетіндер қастары төмен ерге мінгендей міне алмайды. Адамдардың көпшілігі атқа мінгенде оң қолымен ердің артқы қасынан басқа жерді ұстамайды. Оның пайдасы көп және мәмлүк соған үйренген. Атқа мініп үйренген адамға басқа адамның көмегін сұрауы қолайсыз».   

Мәмлүктердің ерекшелігі олар кебістерінің үстінен оң аяқтарына, астындағы аттарын бірден жылдам қимылдауға мәжбүр ететін, таза алтын, күмістен жасалған, үшкір жағы өкшенің арт жағында орналасқан темір өкше тағатын.

Мәмлүктердің ырымшылдығының белгісі аттарының омырауларына көз тимесін деп, көк тас жапсырылған немесе түлкі, қасқырдың құйрығы немесе түрлі-түсті жіп ілінген тұмар тағатын.

Халил сұлтанның билігі (1291-1292 жылдар) кезінде мәмлүктер ер-тұрманды сәндеуге ерекше мән бере бастайды. Ер-тұрманды алтын, күміспен әрлеп, асыл тастармен безендіреді. Сондықтан әшекейленген ер-тұрман тарихи шығармаларда сұлтан Халилдің титулымен ашрафи деп аталады. Сұлтандар таза алтыннан немесе күмістен жасалған ер-тұрман пайдаланып, бектер мен қатардағы мәмлүктер кірістеріне қарай аттарын жасандырған. Қатардағы жауынгердің ер-тұрманы ағаштан жасалып, сыртын былғары терімен қаптап, алдыңғы қасының басына оймақтай күміс шегелер қағылатын.  

Мәмлүк сұлтанының қоймасында жүздеген ер-тоқым, жүген, жалпы алғанда ат әбзелдері сақтаулы тұрғанын, оның таза алтын, таза күміс және алтын-күміс араластырып жасалған үш ер сақтаулы болғанын жазады. Ас қымбат үш ер-тоқымды айтпағанның өзінде, қалған ер-тоқымның әрқайсысының бағасы 1000-7000 динар арасында деп көрсетеді.

Мәмлүктер ердің алдыңғы қасының ішіне қоладан жасалған, ішіне 3,5 литр су сиятын ыдыс орнатып, төтенше жағдайда сусыз қалмауды ойластырған. Оның арнайы шүмегі арқылы салт атты шөлін қандыра алатын. 

Мәмлүктердің сыртқы пішіні

Мәмлүктердің сыртқы бейнесіне келсек сұлтан Байбарыс кезiнде қатардағы мәмлүк басына сәлдесiз тақия, үстiне ливан мақтасынан жасалған матадан тiгiлген көйлек, оның сыртынан үндi матасынан пiшiлген жұқа шапан және тобыққа дейiн түсетiн жiбектен тiгiлген ақ, көк немесе қызыл қаба шапан, төртiншiсi ұзын жең қалың  шапан киiп, белдерiн мақтадан жасаған белбеумен таңып жүретiн. Оң жамбасына салбыратып, сулық деп аталатын үлкен қоржын iледi. Ибн Йиас мәмлүктер белбеулерiне ағаш қасық, үлкен пышақ, сулық орамал және т.б. көп нәрсе iледi деп көрсетедi. Аяқтарына мәсi, сыртынан кебiс киетiн. Мәмлүктер сақал-мұрттарын өсiрiп, желкелерi мен самайларынан салбырап тұрған тұлымдарын қызыл, көк жiбек матамен қосып өрiп тастайтын.

Қалауын қатардағы мәмлүктердiң сырт келбетiн түбiрiмен өзгерттi. Өзiнiң алдында сұлтандық құрған үнемшiл Байбарысқа қарағанда сұлтан Қалауын сән-салтанат, байлық пен молшылықты сыртқа көрсетiп отырғанды ұнатқан. Олардың киiмдерiнiң маталары сапасы жағынан жоғары маталармен алмастырылып, бастарына тақияның айналасынан сәлде тартып жүре бастайды.      

Бектер көйлектiң үстiнен етегi қысқа, жеңi шолақ шапан киедi. Бектердiң жазда ақ түстi, қыста түрлi-түстi киiм киетiн әдеттерi бар едi. Дәулеттi көшпендiнiң байлығы кемер белбеуiнен көрiнетiн. Бектер шапандарының сыртынан гауһар тастармен безендiрiлген алтын немесе күмiс белбеу тағатын. Аяқтарына ат тебiнетiн, күмiс не алтын немесе күмiстен жасалған немесе жалатылған темiр өкше темiр iледi. Олардың киiмдерi қатардағы мәмлүктермен салыстырғанда қымбат маталардан тiгiлген едi.

Ал, сұлтандар ерекше жасанып киiнетiн. Олар бiр киген киiмдерiн екiншi рет иықтарына iлмейтiн. Мәмлүк билеушiлерi кешегi киiмiн бектерiне үлестiрiп, мемлекетiнiң байлығын паш етiп отыратын дүнияуи әдеттерге бой алдырады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға