Жаңалықтар

Атқырылған көлі

Атқырылған көлі
10.11.2015 06:16 10888

Әрбір қала, ауыл, жер, тау, өзен-көлдің өзіндік тарихы, атауы және ертеден келе жатқан ескерткіштері бар. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер атын, тау атын сол заманда ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп орынды айтқан.

Суреттегі көл Атқырылған емес, көрнекілік үшін қолданылды

Қазақ жеріне саяхат жасаған италиялықтар Плано Карпини мен Вильгельм Рубрук Каспий теңізі жайлы тың деректер берген. Олар сондай-ақ Алакөл, Балқаш көлдері, Іле Алатауы мен Тарбағатай таулары туралы тұңғыш мәліметтер келтірген. Аталған көлдер, теңіздер көп зерттелген, ғылыми тұрғыда көп мәлімет бар орындар. Ал, Қазақстанда көлемі кішкентай көлдер өте көп. Олардың барлығы Алакөл, Балқаш секілді көп зерттелмеген. Олар туралы тек аңыздар бар. Соның бірі – Атқырылған көлі. Көлдің атауы неге бұлай? Ақмола облысындағы бұл топонимикалық атау қайдан шықты? Осы туралы аңызға тоқталайық...

Белгісіз бір заманда Қорғалжын ауданы, Майшұқыр ауылында Сержан атты бай тұрыпты. Кезінде ауылдағы билік өз қолында болған бай өзі тойса да, көзі тоймайтын дүниеқоңыз, сараң адам болған екен. Бар билік қолында болғандықтан халықты қанап, қыстап, ойына келгенін істеген. Өз қара басын ғана ойлаған. Ауылдағы ең шұрайлы жер де, өзен-көлдер де соның қарамағында болған. Иелігіндегі су, жерді халық пайдалана алмайтын. Себебі бай: «Менің дүниеме қол сұқсаң, ақысын төле», – деп, пәле салады екен.

Күндердің күнінде ауылдың басына қара бұлт төнеді. Ауылда құрғақшылық пайда болады. Ауыл шаруашылығының егістігі тұтас шықпай, құрғақшылықпен қатар, ашаршылық азабы қатар төнеді. Дәл сол тұста қарапайым халық көмекті байдан сұрап, өзен арнасын егістікке бұруын өтініш етіп келеді. Онда бай егістікке жіберілген судың есесіне халықтан өздерінің қорадағы күн көріс малдарын алатынын айтады. Әрине, амалы жоқ халық ауылбасы Сержанның ұсынысына көнеді. Осы­лай малдарынан айырылып қалған халық егістігін аман алып қалады.

Дегенмен қарапайым халықтың мұң-зарына құлақ түрмей өз құлқынын ғана ойлаған байға да зауал келеді. Отар-отар малдары бірінен соң бірі індетке шалдығып, қырыла бастайды. Арамдықпен жиған малдан түк қалмай бай кедейлер қатарына амалсыз қосылады.

Кезінде менің көлім деп әмірлік жүргізген байды мұқатқысы келгендер көлді «Ат қырылған» деп ауыл арасында атап жүреді екен. Кейін де сол атау көлдің аты болып қала берді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға