El.kz/Арман МҰХАТОВ

Асыраушысынан айырылғандарға төлем: кімге тиесілі және қалай алуға болады?

06.08.2025 17:47

Асыраушысынан айырылу – отбасына ауыр қайғы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар әкелетін жағдай. Мемлекет мұндай жағдайда азаматтарды қолдаусыз қалдырмайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Асыраушысынан айырылған жақын туыстарына арнайы жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл материалда жәрдемақы кімдерге тиесілі, оны қалай және қайда рәсімдеу керектігін оқи аласыздар.

Кімдер жәрдемақы алуға құқылы?

Егер азамат қайтыс болса, оның еңбекке жарамсыз жақын туыстары асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алу құқығына ие.

Бұл санатқа мыналар кіреді:

✅ 18 жасқа дейінгі балалар (туған және асырап алынған);
✅ 18 жасқа дейінгі аға-інілер, апа-қарындастар мен немерелер, егер оларды асырайтын ата-анасы болмаса;
✅ Бала жасындағы мүгедектігі бар ересек балалар, егер мүгедектік кәмелетке дейін анықталған болса;
✅ Зейнеткерлік жастағы жұбайы немесе ата-анасы;
✅ Қайтыс болған адамның 8 жасқа дейінгі балаларына қараушы, жұмыс істемейтін ата-әжесі, аға-інілері немесе апа-қарындастары;
✅ 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер, егер марқұмның асырауында болған болса;
✅ Қартайған ата-әжелер, егер оларды қарайтын басқа адам болмаса.

Қандай төлемдер қарастырылған?

Асыраушысынан айырылу жағдайында екі түрлі төлем көзделген:

1. Мемлекеттік жәрдемақы – бұл тіркелген мөлшердегі төлем. Егер бірнеше адамға тиесілі болса, олар арасында тең бөлінеді.

2. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер – марқұм ресми түрде жұмыс істеп, әлеуметтік жарналар төлеген болса.

Туысқандардың әрқайсысы төлемнің өзіне тиесілі бөлігін жеке рәсімдей алады.

Қалай рәсімдеуге болады?

Төлем алу үшін азамат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ЦОН) бөлімшесіне келесі құжаттармен жүгінеді:

  • Жеке куәлік;
  • Қайтыс болғаны туралы куәлік немесе адамның хабар-ошарсыз кеткенін растайтын сот шешімі;
  • Туыстық қатынасты растайтын құжаттар;
  • Ақша аударылатын банк шотының нөмірі.

Кейбір жағдайларда қосымша құжаттар қажет болуы мүмкін, мысалы:

  • Университеттен анықтама (егер алушы – студент болса);
  • Қамқоршылық туралы құжат.

Егер марқұм міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, жоғарыда көрсетілген тәртіппен қосымша әлеуметтік төлемдер де рәсімделе алады.

2025 жылы жәрдемақы мөлшері қанша?

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға артты. Қазіргі таңда бір адамға төленетін жәрдемақы көлемі 42 530 теңгені құрайды.

Егер бірнеше адамға тиесілі болса, төлем келесідей бөлінеді:

  • 2 асырауындағы адам үшін – 78 588 теңге
  • 3 адамға – 104 014 теңге
  • 4 адамға – 120 194 теңге
  • 5 және одан көп адамға – 130 238 теңге

Ал Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері марқұмның еңбек өтілі мен қордағы аударымдарына байланысты жеке есептеледі.