Жаңалықтар

Асырап алған балаларын қорлаған шымкенттік емші жазадан құтылды

Асырап алған балаларын қорлаған шымкенттік емші жазадан құтылды
Фото: видеодан алынған кадр 19.06.2024 07:28 644

Шымкентте қамқорлығына және асырап алған балаларына қорлық көрсетті деген емшіге қатысты іске нүкте қойылды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында У.Смановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау), Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтары (Қинау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы өтініш хатымен келіп түскен қылмыстық істі қарады. 

Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, У.Сманов созылмалы және психикалық аурумен ауырады және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болған. Яғни, Қылмыстық кодекстің 16-бабына сәйкес (Есi дұрыс еместiк) қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Ұ.Сманов Қылмыстық кодекстің 16-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалсын, - деді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасының міндетін атқарушы Болат Қарабаев.

Бұдан өзге жабық сот отырысында Оқу-ағарту министрлігіне, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ Шымкент қалалық Полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына беру фактісі бойынша жеке қаулы шығарылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға