Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды EL.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қымбатты отандастар!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – имандылық пен адамгершіліктің, мейірімділік пен жанашырлықтың мейрамы. Мұсылмандар осы күндерде мұқтаж жандарға көмектесіп, қамқорлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілектерін айтып, жақсылық жасауға ұмтылады.
Құрбан айт мейрамы елімізде рухани құндылықтарды берік орнықтырып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында ерекше рөл атқарады.
Бұл мереке Қазақстанда тұратын түрлі этнос және конфессия өкілдерінің өзара сыйластығы мен құрметін арттырып, достығын нығайта түседі. Халықты береке-бірлікке шақырып, ырыс-ынтымағын еселейді. Бейбітшілік пен ізгіліктің бастауы болған ата дініміздің басты мәні – осында.
Бүгінгі ұлық мейрамда шалған құрбандықтарыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!