©Pixabay.com

Астрономдар әлемдегі ең алыс әрі қуатты белгісіз құрылымды тапты

03.10.2025 20:08

Ғалымдар жаңа рекордтық ғарыш нысанын ашты - бұл «құпия радиошеңберлердің» (ORC) ішіндегі ең алыс әрі ең қуаттысы. Мұндай алып құрылымдар алғаш рет бар-жоғы алты жыл бұрын байқалған, әзірге олардың саны өте аз. Радиошеңберлер тек радиодиапазонда көрінеді және Құс жолынан ондаған есе үлкен болуы мүмкін, деп жазады El.kz интернет порталы.

Ашылуды Мумбай университетінің зерттеушілері әлемдегі ең ірі төмен жиілікті радиотелескоп – LOFAR көмегімен жүзеге асырды. Жаңа нысан RAD J131346.9+500320 деп аталып, ол әлем қазіргі жасынан екі есе кіші болған кезде пайда болған. Ерекшелігі, бір-бірімен қиылысқан қос шеңберлі құрылымға ие болуы. Мұндай құбылыс тарихта екінші рет қана тіркеліп отыр.

Ғалымдардың болжамынша, радиошеңберлер тек қара құрдымдар немесе галактикалар бірігуінен ғана емес, сонымен бірге галактикалардан шығатын қуатты зат ағындарынан да туындауы мүмкін.

Бұл ашылыммен қатар тағы екі алып құрылым табылды. Оның бірі шамамен үш миллион жарық жылы қашықтыққа созылып жатыр - бұл біздің Галактикадан 25 есе үлкен. Екіншісі - 1,4 миллион жарық жылы көлемінде. Екеуі де галактикалардың тығыз шоғырында орналасқан, онда қара құрдымдардың ағындары ыстық плазмамен соқтығысып, сақина тәрізді құрылымдар түзіп отыр.

Астрономдар болашақтағы Square Kilometre Array сынды жаңа телескоптар арқылы осындай радиошеңберлерді көбірек анықтап, олардың пайда болу табиғатын тереңірек түсінуге үмітті.