Астананың үздік спортшыларына Namys сыйлығы табысталды
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы жылдың үздіктерін салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты жиында 2025 жылы спорт саласында жоғары нәтиже көрсеткен үздіктерге арналған Namys спорт сыйлығы 14 номинация бойынша табысталды. Аталған марапат елордалық спорттың негізгі бағыттарын қамтиды.
Шараның құрметті қонақтары қатарында туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан болды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Серік Жарасбаев елорданың спорт саласындағы жетекші рөлін атап өтті.
Астана қаласын еліміздің спорт саласындағы флагманы деуге толық негіз бар. Мұнда қаншама атақты спортшыларымыз отыр. Бұл – баршамыздың бірлескен еңбегіміздің нәтижесі. Ел абыройын асқақтатып жүрген спортшыларымызға алғыс білдіремін. Жетістіктеріңіз көбейе берсін. Біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз, – деді министрдің орынбасары.
Ал Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан елордада спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазіргі таңда елорда тұрғындарының 42 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Осы бағытта спорт саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Тек 2025 жылдың өзінде жеке демеушілердің көмегімен Sana Sport, QazSwimAcademy, Kodokan Spirit, Alpha Gym, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және Ozen Fitness спорт академиясы пайдалануға берілді.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Aulafit және Funny Sport жобалары жүзеге асырылуда. Ал кәсіби спортта елордалық спортшылар 1400-ден астам жарысқа қатысып, 5 мыңға жуық медаль жеңіп алды. Сонымен қатар спортшыларымыз 2026 жылы Милан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының лицензиясын иеленіп, қарқынды дайындық жүргізіп жатыр. Ұлттық спорт бағыты да назардан тыс қалған жоқ, 2026 жылы жаңа спорт мектебін ашу жоспарланып отыр, – деді ол.
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит мұндай марапаттар спортшылар мен бапкерлерді жігерлендіре түсетінін тілге тиек етті.
Біз ең алдымен жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды, оларды дайындаған жаттықтырушыларды, сондай-ақ қаламыздағы спортты дамытуға бар күшін салып жүрген федерациялар мен ұйымдарды атап өтуді жөн көрдік. Барлығы тырысты, алайда кейбірі ерекше нәтиже көрсетті. Сол себепті спортты дамытуда ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген федерациялар мен чемпион тәрбиелеген жаттықтырушылар жеңімпаз атанды.
Номинациялар қатарында жылдың үздік спортшысы, үздік жаттықтырушы, жыл серпіні, болашағынан үміт күттіретін жас спортшы секілді марапаттар бар. Балалар мен спортшылардың еңбегін бағалап, оларды жігерлендіру – басты мақсатымыз. Сондай-ақ инклюзивті спортшыларға да ерекше көңіл бөлінді, – деді басқарма басшысы.
Биыл қазақстандық спортшылар үшін тарихи жетістіктерге толы жыл болды. Соның ішінде көркем гимнастикадан әлем чемпионатында еліміз тұңғыш рет алтын медаль иеленді. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алған Ақмарал Ерекешева «Жыл серпіні» аталымына лайық деп танылды.
Жас спортшы өз әсерін бөлісті.
Биыл жарыстарға толы жыл болды. Қуанышты сәттер аз емес. Әлем чемпионатында таспамен және доппен екі рет алтын алдым, шеңбермен күміс медаль жеңіп алдым. Келесі жылы сеньорлар арасында өнер көрсетемін. Сол деңгейде де осы жетістіктерді қайталауға бар күшімді саламын, – деді Ақмарал.
Ақмаралды осындай биікке жетелеген бапкер Меруерт Балғынбаева «Үздік жаттықтырушы» атанды. Бұл марапат та заңды еді. Себебі бұған дейін қазақстандық гимнаст қыздар Азия деңгейінде топ жарып жүргенімен, әлемдік аренада алтын медаль бұйырмаған болатын. Осы олқылықтың орнын Ерекешева толтырды.
Бұл жыл Астана үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін табысты болды деп айта аламын. Ақмарал екі дүркін әлем чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Сонымен қатар топтық жаттығуда көпсайыстан Азия чемпионы атандық. Мұның бәрі – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Қыздар күніне 5-6 сағат жаттығады. Ақмарал бұл спортпен 11 жылдан бері айналысып келеді. Басқа шәкірттерім де Әлем кубогында жүлдегер атанды. 2026 жыл бұдан да табысты болады деп сенемін, – деді тәжірибелі бапкер.
Параармрестлингтен әлем чемпионы атанып, «Үздік параспортшы» номинациясын иеленген Никита Ермаков үшін де 2025 жыл сәтті өтті.
Бұл жылға алғысым шексіз. Алға қойған жоспарымызды орындадық. Спортта да, жеке өмірде де табысты жыл болды. Қолдау білдірген жандардың барлығына рақмет. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймаймыз, – деді ол.
Іс-шараға арнайы келген танымал шорт-трекші Абзал Әжіғалиев те келер жылы Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы айтып өтті.
Биыл шорт-трек үшін өте маңызды жыл болды. Алда – төртжылдықтың басты додасы. Жазғы дайындық кезінде бірнеше елде жаттығу өткіздік. Қазақстан чемпионатынан кейін төрт Әлем кубогына қатысып, Олимпиада лицензиялары сарапқа салынды. Мен 500 метрге жекелей сында жолдама ұтып алдым, сондай-ақ аралас эстафетада да өнер көрсетеміз. Миланда шорт-тректен төрт спортшы ел намысын қорғайды. Соңғы дайындық Астана мен Нидерландта өтеді, – деді спортшы.
Шорт-трек өкілдері үшін бұл жыл табысты болды. Азия ойындарындағы тарихи жетістік соның айқын дәлелі. Абзал Әжіғалиев Олимпиадада да жүлде үшін барын салатынын айтты.
Біз Олимпиадаға тек қатысу үшін емес, ел намысын қорғап, медаль алу үшін барамыз. Алдымызға қойған мақсат – тарих жасау, – деп түйіндеді ол.
Елорданың үздік спортшылары әртүрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанды.
Жылдың үздік спортшысы - Санжар Тәшкенбай
50 келідегі Санжар Тәшкенбай - Ливерпуль (Англия) төрінде қарсылас шақ келтірмей, ел тарихында 18 жылдан кейін екі дүркін әлем чемпионы атанған отандасымыз.
Жылдың үздік жаттықтырушысы - Меруерт Балғынбаева
Ол 2025 жылы жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионын және топтық жаттығудан Азия чемпионын даярлады.
Жыл серпіні - Ақмарал Ерекешева
Маусым айында жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Болгариядағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева тарихи алтын медальді жеңіп алды.
Жыл серпіні (параспортшы) - Әли Тұрғанбеков
Желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Параойындарында жүзуден сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс медальді мойнына тақты.
Үздік параспортшы - Никита Ермаков
Ол қыркүйек айында параармрестлингтен өткен әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ пара нысана көздеуден қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен әлем Кубогында қола медальді еншіледі.
Паралимпиадалық спорттың үздік жаттықтырушысы - Михаил Бурчалин
Ол параспортшы Никита Ермаков пен Париж Паралимпиадасының қатысушысы Севда Алиеваны жаттықтырады. Пара нысана көздеуден Астана қаласының дамуына үлес қосып жүр.
Ұлттық спорт түрлерінен үздік жаттықтырушы - Нұржан Қонарбаев
Ол 2025 жылғы тоғызқұмалақтан Азия чемпионы мен әлем Кубогының жеңімпаздарын дайындады. Оның жетекшілігімен Қазақстан Республикасының 10 спорт шебері және халықаралық дәрежедегі 4 спорт шебері даярланды.
Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы - Сағындық Әшім (қазақ күресі)
Ол - қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2025 жылы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы.
Жылдың үздік командасы - Астана қаласының №10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің хоккей командасы
Шайбалы хоккейден Jastar Hokei Lygasy-ның 2024/2025 жылғы маусымында «Астана» топ жарып, басты сенсацияның авторы атанды.
Үздік спорттық нысан - Ozen Fitness
Бұл - су спорты түрлерінен Қазақстандағы бірінші спорт академиясы. Қазіргі сәтте 850 бала жаттығады. Осы спорт кешенінде ұлттық және жастар құрамасының мүшелері дайындалады.
Үздік қалалық спорт федерациясы - Гимнастика түрлері бойынша Астана қаласының федерациясы
2025 жылы спорттық, көркем және батуттық гимнастикадан ел ішінде және халықаралық жарыстарда көптеген медальдарды жеңіп алды. Ұлттық құраманың көптеген спортшылары осы жерде жаттығады.
Жылдың үздік спорттық ұйымы - Астана қаласы әкімдігінің Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы
Аталған спорт клубы бүгінгі таңда төрт бағыт бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Клуб құрамына тірек-қимыл аппараты зақымдалған, есту және көру қабілеті төмен, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар кіреді. 2025 жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 587 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 7-і Параспартакиадасында 17 спорт түрінен жалпы командалық есепте 1-орын иеленді.
Үздік спорттық телеарна - QAZSPORT теларнасы
QAZSPORT арнасы елімізде кең қанат жайған спорт түрлерінен өтетін ішкі чемпионаттар мен халықаралық беделді бәсекелерден тікелей трансляциялар жүргізеді.
Үздік спорттық портал - Elordainfo.kz ақпараттық порталы
Аталған портал елордалық және республикалық деңгейдегі жарыстарды, спортшылардың жарқын жеңістерін, маңызды турнирлер мен чемпионаттар туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялайды.
Айта кетейік, жеңімпаздар алғысхаттар мен арнайы естелік сыйлықтарға ие болды.
Кеш барысында елімізге танымал Мархаба Сәби, Дастан Оразбеков, ABYROI тобы сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

