Жаңалықтар

Астананың діни бірлестіктерінің өкілдері қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Астананың діни бірлестіктерінің өкілдері қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Фото: Астана қаласы әкімдігі 25.10.2023 23:31 910

25 қазанда елімізде ұлттық мереке – Республика күні тойланады. Елордалық дін өкілдері қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдап, бұл халқымыз үшін тарихи қадам болды. Осы декларация негізінде Қазақстан алғаш рет өз дамуының егемендік жолын таңдаған бірегей аумақтық құрылым болып жарияланды.

Бұл тарихи күнде елорданың діни бірлестіктерінің өкілдері қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Сіздерді егеменді еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әр отбасына береке-бірлік, бақыт пен қуаныш тілеймін! Республика күні мерекесі халқымыздың рухын көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін сәт. Бұл ретте өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Өйткені егемендік – ел үшін жанын берген ерлердің ерлігімен келген ұлы күн. Мұны бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек, – деді Бас мүфти, ҚМДБ-ның төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде Астана және Қазақстан митрополиті Александр Республика күні ел үшін ең маңызды мерекелердің бірі екенін атап өтті.

Бүгін біз Қазақстанда ерекше мереке – Республика күнін тойлап жатырмыз және осы айтулы күні ұлы даланың әрбір перзенті ұлтаралық келісім мен дінаралық татулық біздің өмір сүруіміздің және біздің өміріміздің маңызды құрамдас бөлігі екенін түсінуі өте маңызды. Біздің жерімізде ежелден бейбітшілік қанат жайған. Бұл халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі.
Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді ол.

Қарағанды ​​епархиясының көмекші епископы Евгений Зинковский де қазақ халқының бірлігінің құндылығы мен маңыздылығын атап өтті.

Құрметті бауырлар, біздің ортақ мерекеміздің қарсаңында, ортақ үйіміздің мерекесінде, біздің ортақ Қазақстанның ұлан-ғайыр даласында тұратын католик дінін ұстанушылардың атынан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді епископ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға