Астананы түнгі уақытта қардан тазалауға 1200-ден аса арнайы техника шықты
Астанада қала көшелерін қардан тазартуға түнгі ауысымға 1200-ден аса арнайы техника мен 300-ден аса жол жұмысшысы шықты. Қардан тазарту ауысымдық режимде жүргізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдіктегілер қар тазалау, сондай-ақ маршруттарды түзету жұмыстары кешкі және түнгі уақытта күшейтілген режимге көшетінін атап өтті. Бірінші кезекте ережелерге сәйкес, жолдарда кептеліс пайда болмас үшін қарқынды қозғалыс учаскелері тазартылады. Әрі қарай орташа қозғалыс қарқындылығы бар учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар қардан тазартылады.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған. Бүгін қаладан 20 мың текше метрден аса қар шығарылды, бұл - 1609 ауыр жүк рейсі. Қала тұрғындары мен қонақтарын көшеде жүргенде өте мұқият болуға, жауын-шашын кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз,-делінген мәліметте.