Жаңалықтар

Астананың заманауи келбеті: Кисе Курокава

Астананы асқақтатқан 20 жыл!
Астананың заманауи келбеті: Кисе Курокава
02.07.2018 16:45 6138

Астананың заманауи келбеті – әлемге танымал Кисе Курокаваның өмір қағидасы атты жобасының  бөлшегі ғана.

Капсула-мұнара «Накагин» Курокава есімін төрткүл дүниеге мәшһүр еткен бір жобасы. Функционалдыққа қарама-қарсы шыққан жапон метаболизмі архитектруаға жаңа бір леп әкелген еді. Накагин – 13 қабаттағы 140 капсулалар тұрғын үй және жұмыс бөлмесі ретінде пайдалануға болатындай етіп салынған. Бұл жапон архитекторының стилін көрсететін бірден-бір ғимарат. Таңқаларлық прагматизм. Мүмкін, оның есімін дүние жүзіне әйгілі еткен осы шығар! Кисё Курокаваның ерекше стилі Қазақстанға да жетті.

Кисе Курокава Елорда құрылысына өлшеусіз үлес қосқан адам. Ол өз өмір жолында 38 ұлттық және халықаралық байқауларға қатысып, соның 34-де үздік атанған. Оның жобасы бойынша 50-ден аса әртүрлі құрылыстар салынса, концепциясы мен жоспары төрт бірдей қаланың бас жобасына енгізілді. Одан бөлек, Курокава бүгінгі күні сәулет өнерінің үздік туындылары боп саналатын Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақ үйі, «Сони» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы.

Сол секілді, Курокава 20 кітап және көптеген мақалалар жазып қалдырған. Ол мүмкін болған барлық маратапаттар мен премиялардың иесі. Өткен жүз жылдықта өз пікірлестерімен жаңа архитектуралық бағыт метаболизмді қалыптастырған сәулет өнерінің майталманы. Сондай-ақ, жапон архитекторы үшін мегополиспен қатар, табиғат байлықтарын да қатар алып жүру маңызды болған. Өз жобаларында жаңа философиялық көзқарасты басты назарда ұстаған.

1998 жылы Елбасы Н.Назарбаев әлемдік архитекторлар арасында байқау жариялаған еді. Курокава осы байқауды жеңе отырып, «Қазақтарда көшпелілердің рухы бар. Мені қызықтырғаны да осы» деген болатын, «ХХ ғасырда механика принциптері билік етті, ал ХХІ ғасыр Өмір қағидасына көшетін дәуірдің бастауы болады. Ендеше, Қазақ елінің жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды тұғыр етуі керек» – дейді архитектор.

Кисе Курокаваға дейін Есіл өзенінің қос жағасынан да биік ғимараттар тұрғызу жоспары болған екен. Жапон архитекторы бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы болып, бірнеше жылда өзен суы құрып кететіндігін айтады. Оның көрегенділігі де осыда жатқан болар.

Десек те, Кисе Курокаваның ең басты қателескен тұсы – қала халқы тек 2030 жылы ғана бір миллионға жетеді деп болжауы. Сәулетші 1998 жылы 270 мың ғана болған тұрғындардың өсуін баяу жүреді деп ойласа керек. Бұл қаланың болашақтағы дамуын тым күрделендіріп жіберетін негізгі мәселе.

Кисе Курокава қаланың бас жоспарынан тыс Астананың халықаралық әуежайының сәулетіне де өз үлесін қосты. 1997 жылы Астана ресми Елорда болып танылған соң, әуежайды халықаралық стандартқа сай, техникалық деңгейі мен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелесі туындаған еді. Осыған орай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаны қолға алу үшін жапон архитекторын арнайы шақырады. 2002 жылы әуежай терминалын қайта құру шешімі қбылданды. Нысанды модернизациялау мақсатында ірі жоба қолға алынып, 2005 жылы өз мәресіне жетті. Өткен жылы үкімет қаулысымен Астана халықаралық әуежайының атауы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» деп өзгертіліп, қаланың жаңа нышанына айналды.

Астананың бұгінгі келбетін қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқан Киве Курокава 2007 жылы өмірден өтті. Бірақ, оның тікелей атсалысумен бой көтерген Астана бүгінде әлемдегі озық сәулетті қалалардың біріне айналып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға