Инсталляциямның атауы "IQ төбе". Неге төбе?Ежелгі уақытта адамдар қауіп-қатер төнсе, төбенің басына шығып, от жағу арқылы хабар жеткізетін болған. Әрине, ол кезде төбе белгілі бір түрде әскери-стратегиялық маңызға ие еді. Ал қазіргі тілге аударсақ, төбе қандай да бір ақпаратты жеткізу амалы. Мен оны біліммен байланыстыруды жөн көрдім. Осылайша көпшілікті білімге, кітапханаға шақыратын месседж пайда болды.
Сондай-ақ бұл инсталляцияда білім алудың маңыздылығына ерекше назар аударғым келді. Білім арқылы адам әлеуметтік деңгейін жақсарта алады. Білім адамдардың бөлінуіне емес, бірігуіне қызмет етеді. Бұрындары екінің бірі білім ала алмайтын, ал ХХ ғасырда білім алу үшін ештеңе кедергі бола алмайды. Егер талантың мен талпынысың болса алынбайтын қамал жоқ. Байқасаңыз, орындықтардың арасында табуреттер де бар. Олар білімнің арқасында бір күні таққа да айналуы мүмкін. Бұл менің ойым, ал инсталляцияны көрген әр адамның түрлі ой түюге хақысы бар және солай болуы керек. Біз жұмыстың мағынасы жайлы ақпарат қоюды жөн көрмедік, өйткені астаналықтар бұндай паблик-артты оқи алатын деңгейге жетті деп ойлаймыз.