Перизат кәрімқұл

АСТАНАНЫҢ МӘДЕНИ КЕЛБЕТІ

Астана ғалымдар мен суретшілер көзімен
Астананы қалай мәдени брендке айналдырамыз? Қаланың басты сәулетшілері кімдер? Заманауи өнер қала келешегіне қалай әсер етпек? Ескерткіштер ескінің белгісі ме? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеген ғалымдар мен суретшілер "Астананың мәдени мәтіні" халықаралық конференциясында бас қосты. Қатысушылардың Астананың мәдени болашағы жайлы ой-толғамдарын оқи отырыңыз.
"Астаналықтар паблик-артты оқи алатын деңгейге жетті"
Шара "шымылдығы" заманауи суретші Асхат Ахмедияровтың "IQ төбе" инсталляциясымен ашылды. Ұлттық кітапхана баспалдағында орналасқан орындықтар тек конференция қатысушыларының ғана емес, қала тұрғындарының назарын аударды. Автордың көздегені де осы болса керек.
Астананың мәдени келбеті
Инсталляциямның атауы "IQ төбе". Неге төбе?Ежелгі уақытта адамдар қауіп-қатер төнсе, төбенің басына шығып, от жағу арқылы хабар жеткізетін болған. Әрине, ол кезде төбе белгілі бір түрде әскери-стратегиялық маңызға ие еді. Ал қазіргі тілге аударсақ, төбе қандай да бір ақпаратты жеткізу амалы. Мен оны біліммен байланыстыруды жөн көрдім. Осылайша көпшілікті білімге, кітапханаға шақыратын месседж пайда болды.
Сондай-ақ бұл инсталляцияда білім алудың маңыздылығына ерекше назар аударғым келді. Білім арқылы адам әлеуметтік деңгейін жақсарта алады. Білім адамдардың бөлінуіне емес, бірігуіне қызмет етеді. Бұрындары екінің бірі білім ала алмайтын, ал ХХ ғасырда білім алу үшін ештеңе кедергі бола алмайды. Егер талантың мен талпынысың болса алынбайтын қамал жоқ. Байқасаңыз, орындықтардың арасында табуреттер де бар. Олар білімнің арқасында бір күні таққа да айналуы мүмкін. Бұл менің ойым, ал инсталляцияны көрген әр адамның түрлі ой түюге хақысы бар және солай болуы керек. Біз жұмыстың мағынасы жайлы ақпарат қоюды жөн көрмедік, өйткені астаналықтар бұндай паблик-артты оқи алатын деңгейге жетті деп ойлаймыз.


Орындықтарды Астана маңындағы иесіз жатқан гараждардан таптым, олар біздің қоғамның алуан түсін көрсетеді. Шығармашылық адамы ретінде маған толық еркіндік беріп, өз ойымды жеткізуге көмектескендері үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтқым келеді.
Елордадағы ескерткіштердің орны қандай?
Философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Күлшат Медеуова Астананың мәдени келбетін зерттеп жүргеніне көп болды. Ғалым елордадағы ескерткіштердің кешегісі мен бүгінгісі жайлы баяндады.
Астананың мәдени келбеті
Иә, Астананың өзіне тән ерекше стилі бар. Бірақ Астанаға дайын жоба ретінде қарамау керек. Керісінше бұл қаланың жобасына бәріміздің де қатысымыз барын түсінуіміз қажет. Мен бұны ескерткіштердің мысалында түсіндіремін. Менің зерттеу жұмысым ескерткіштерді қалай және не үшін зерттеу керек деген сұрақтың айналасында жүргізілді. Біздің санамызда ескерткіштерге өнер туындысы ретінде қарау сияқты ескі түсінік әлі де бар. Бірақ бүгінгі әлемдік тәжірибе бұл ойдың дұрыс еместігін көрсетеді.
Бұл нысандарды зерттеу қажеттігін түсіндіру үшін Анри Лефебрдің теориясына жүгінгім келеді. Оның қалаға кім ие дейтін қызықты тұжырымы бар. Астана да президенттің идеясынан туса да, бұл жерді миллион адам мекен етуде, жалпы айтқанда олар да осы қаланың иесіне айналды. Иелік ету деген не? Ол өзі тұратын қалаға қатысты пікір айтуға құқылы болуы, адамдардың белгілі бір нысандарға қатысты сын айта алуы. Бұл Астанада байқалатын қызықты тенденция. Лефебр де әр буын қаланы өзінше қабылдайтынын айтады. Яғни сәулетшілердің идеясын құрылысшылар жүзеге асырады, ал тұрғындар қаланы мүлдем басқа қырынан көреді. Меніңше Астана да түрлі теориялардың тоғысқан алаңына айналып келе жатқан сияқты.
Астананың мәдени келбеті
Астанадағы ескерткіштердің көбісі өңірлердің атынан сыйға берілген. Олар өнер туындысы ретінде емес, сол өңірдің тарихы мен мәдениетін көрсетеді. Бірақ бүгінгі күні ескерткіштерге қандай ба бір сарын беру келмеске кетіп барады. Қала инфрақұрылымы мен ландшафтында ескерткіштердің рөлі бәсеңдеп келеді. Олардың орнын шағын сәулет нысандары басуда. Оған мысал ретінде Алматыдағы тиінді айтуға болады.
"Астана феномені" алыс емес
Әлеуметтану ғылымдарының докторы, POLIS Кембридж университетінің ғылыми қызметкері Диана Құдайбергенова конференция спикерлерінің бірі ретіне шақырылған еді. Біраз уақыт Испанияның Бильбао қаласында тұрған ол аталған қаланың трансформация тәжірибесін елімізде қалай қолдануға болатыны жайлы айтып берді.
Астананың мәдени келбеті
Мені әлеуметтанушы ретінде адамдардың белгілі бір кеңістікті мәдени тұрғыда қалай айшықтайтыны, олардың қалай қала сәулетшілеріне айналатыны қызықтырады. Бұл тұрғыда суретшілер, оның ішінде жергілікті суретшілер жайлы айтпай кетуге болмас. Астанаға қоныс аударып, қалада болып жатқан өзгерістерді өз жұмыстары арқылы көрсетуге тырысатын суретшілердің саны артып келе жатқаны қуантады. Соның арқасында соңғы 3-4 жылдың ішінде Астана өзін заманауи өнердің мәдени орталығы ретінде таныта бастады. Ұлттық музей жанындағы Заманауи өнер орталығы, TSE арт-галереясы соның дәлелі. Әрине, алда үлкен жұмыстар күтіп тұр, бірақ бұл бастамалардың жалғасы болары сөзсіз.
Осы тұрғыда мен Гуггенхайм немесе Бильбао феноменін мысалға келтіргім келеді. Бильбао Испанияның солтүстігіндегі индустриалды қала болатын, ол тіпті Басктер елінің астанасы да емес. Сексенінші жылдардың соңында постиндустриалды қалаға айналады. Трансформация алдында бұл қала көп адамды қызықтыра қоймайтын. Оған бірнеше себеп бар: солтүстікте орналасқандықтан климаты төмен, әрі көлемі жағынан да Испанияның ірі қалаларымен бәсекелесе алмайтын. Бірақ біршама уақыттан кейін Бильбао бұл олқылықты жойып, туристер жиі келетін Испания қалаларының бестігіне кіреді.
Постиндустриалды қала тек Еуропаның емес, әлем туристерінің назарын өзіне қалай аударды деп ойлайсыз? Жауабы айқын - мәдениет арқылы.

Астананың мәдени келбеті
Бильбаодағы Гуггенхайм музейі
1997 жылы Бильбаода Гуггенхайм музейінің филиалы ашылып, жергілікті билік ең-ең деген суретшілер мен сәулетшілерді жұмылдырған еді. Содан бері жыл сайын Гуггенхейм миллондаған туристерді магнитше тартуда.
Сонымен, неге кез келген дамушы қалаға заманауи өнер музейі немесе орталығы қажет? Туризм әрине, өз алдына. Сондай-ақ бұл білім көзі. Гуггенхайм музейіне қарама-қарсы Бильбаоның екі үлкен университеті орналасқан. Әр студент музейге айына бірнеше рет емін-еркін кіріп шыға алады. Дайындық сыныбындағы және мектеп жасындағы балаларға арналған көптеген тегін бағдарламалар бар. Бұл балалар мен студенттердің өнер жайлы білімін арттырып, олардың креативті ойлауына септігін тигізеді. Және ең маңыздысы заманауи өнер тұрғындардың қаламен байланысына, өмір салтына әсер етеді. Қала мен онда тұратын адамдардың идеясы астасқанда ғана үлкен жетістікке жетуге болады.

Осы тұста Алматыдағы тиін жайлы айта кетсем. Гуггенхайм музейіне кіре берісте америкалық суретші Джеф Кунстың "Күшігі" тұр. Жергілікті халық оған өзіндік ерекшелік беріп, атауын да өз тілдеріне жатық етіп өзгертіп алды. Қала тұрғындарының арасында күшік асыраушылар көбейіп, осының өзі белгілі бір түрде субмәдениетке айналды деуге болады. Ал Алматыдағы тиінге келетін болсақ, алматылықтардың ашуына тиген қала әкімдігінің олармен санаспауы, алдын ала ақпарат таратпауы еді. Осыдан кейін аталған нысан жайлы көп дискуссиялар жүргізіліп, адамдар оны ашық талқылай бастады. Тіпті Алматының жанындағы ауыл жастары қолда бар заттармен көп қаражат жұмсамай дәл сондай тиін жасап шықты. Яғни халық қала көрінісіне бейжай қарамайтындарын көрсетті. Бұл жағдайды біздің ашық және мәдени қоғам болуға деген талпынысымыздың индикаторы ретінде қарастыруға болады.
Астананың мәдени келбеті
Асхат Ахмедияров, "Орақ пен балға"
Сондай-ақ бұл тиін Асхат Ахмедияровтың былтыр жасаған инсталляциясын еске түсірді. Автор Астананың маңынан қамыс жинап, одан орақ пен балға жасаған еді. Кейін оны "АЛЖИР" музейінің маңына апарып, жағып жіберді. Бұдан біздің жергілікті суретшілердің де айтары бар екенін аңғаруға болады. Сондықтан бұл потенциалды дер кезінде жүзеге асырған жөн деп ойлаймын. Әсіресе, Астанада. Себебі, белгілі себептермен Алматы заманауи өнердің, жалпы алғанда мәдениеттің ордасы саналады. Бірақ соңғы үш-төрт жылда Астана Алматыда әлі дами қоймаған саланы қолға алуда. Егер бұл мүмкіндікті дұрыс қолдана алсақ, он-он бес жылдан кейін біз де Бильбао секілді "Астана феномені" жайлы айтатынымызға сенімдімін.