Астаналық саябақта ORTA FEST экофестивалі өтті
Астананың Орталық саябағында ауқымды ORTA FEST экофестивалі өтіп жатыр. Іс-шараға экобелсенділер, қоршаған ортаны қорғаушылар және салауатты өмір салтын ұстанушылар жиналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Фестиваль аясында 30-дан астам қалалық қауымдастық, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының өкілдері және жастар ұйымдары қатысқан. Іс-шара барысында «Қалалық сағат» маңына биіктігі 2 метрден асатын ORTA әріптері орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтары оларды пластикалық бөтелкелермен және тоқыма материалдарымен толтырды.
Міндетіміз – әріптерді толықтай толтырып, пайдаланылған шикізаттың құнды ресурс бола алатынын көрсету. Бұл – қаламыздың болашағы үшін ортақ саналы қадамымыз, - деді фестиваль продюсері Майра Измайылова.
Оның айтуынша, биыл ORTA FEST аясында эко-арт аллеясы ұйымдастырылды. Мұнда қайта өңделген және экологиялық таза материалдардан жасалған өнер туындылары қойылды. Сонымен қатар суретшілер арасында EcoHuman байқауы өтті. Нәтижесінде 8 жеңімпазға пайдаланылған шикізаттан инсталляциялар жасағаны үшін 150 000 теңгеден табыс етілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «FUNK» агенттігінің командасы елордалық суретшілер мен экобелсенділермен бірлесіп, пайдаланылған шикізаттан жасалған алып мысықты құрастырған болатын. Бұл арт-нысан Орталық саябақтағы көрнекті орындардың біріне айналды.

