Астаналық сарбаздарға білім гранты табысталды
Астанада мерзімді әскери қызметін аяқтаған жас астаналықтарға мемлекеттік білім гранттары берілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Грант иегерлері ҰҚК Шекара қызметінің қатарында әскери борышын өтеп, шекара заставаларында тікелей мемлекеттік шекараны қорғаған астаналық бес сарбаз болып отыр. ЖОО-ға қабылдауға арналған сертификаттарды оларға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан табыстады. Ол жастарды өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтап, олардың жасаған таңдауының маңыздылығын атап өтті.
Сіздердің таңдауларыңыз еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсу болды. Бұл – өте құптарлық қадам, - деді ол.
Әкім орынбасары сондай-ақ қаланың қолдауы жастардың мақсаттарына жетуіне сеп болатынына сенім білдірді.
Қала атынан сіздерді қолдауды жөн көріп, грант табыстап отырмыз. Бұл – сіздердің қызметтеріңізге деген құрметтің, сондай-ақ алған білімдеріңізді қоғам мен мемлекет игілігіне жұмсайтындарыңызға деген сенімнің белгісі. Сіздерге оқуда табыс және шабыт тілеймін. Студенттік өмірлеріңіз Отан үшін ерекше жаңалықтар мен үлкен жетістіктер кезеңіне айналсын, - деді Ерік Мейірхан.
Әскери борышын өтеп келген жастарға білім грантын беру жобасы 2023 жылы іске қосылды. Бұл – республикада алғаш рет қолға алынған, әлеуметтік белсенді, тәртіпті әрі жауапты сарбаздарды қолдауға бағытталған конкурс. Жоба Қорғаныс министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және елдің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы келісімдер негізінде жүзеге асырылып жатыр.

