Жаңалықтар

Астаналық оқушылар өндіріс алаңдарын аралап шықты

Астаналық оқушылар өндіріс алаңдарын аралап шықты
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 06.11.2024 07:28 665

Астанада мектеп оқушыларының болашақ мамандығын анықтау мақсатында экскурсиялар өтіп жатыр. №23 орта мектептің 7-9 сынып оқушылары арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Ютария» тігін фабрикасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экскурсия барысында оқушылар заманауи тігін өндірісінің технологияларын көріп, жұмыс процесімен танысты. Мамандарға сұрақтар қойып, кездесуді танымды, әрі қызықты өткізді.

Біз арнайы киімнің қалай тігілетінін өз көзімізбен көріп, пиджактарға қалайша пішін берілетінін білдік. Өте қызықты болды, – деп 9 сынып оқушысы Диана Дидарова алған әсерімен бөлісті.

Бұл экскурсияның мақсаты – оқушыларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру, сондай-ақ техникалық мамандықтарға қызығушылықтарын арттыру.

Біз балаларға фабрикамызды көрсеткенімізге өте қуаныштымыз. Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпалын тигізеді, - деді пиджак цехының шебері Алтын Ташметова.

Айта кетейік, Астанада 6 желтоқсанға дейін 7-11 сынып оқушылары мен колледждердің бірінші курс студенттеріне кәсіби бағдар беру мақсатында экскурсиялар өтіп жатыр. Бұл шараны Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, «ASTANA INVEST» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы, Астананы дамыту орталығы және қалалық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Жоба аясында бүгінге дейін шамамен 5 мыңға жуық оқушы мен студент елорданың кәсіпорындары мен оқу орындарын аралап үлгерді, ал жыл соңына дейін жалпы 11 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға