Астаналық оқушылар бөтелке қақпақтарынан Қазақстан картасын жасады
Елордада №55 орта мектеп оқушылары «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акция аясында пластик қақпақтарды қайта өңдеп, ерекше экологиялық жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қалалық әкімдік мәліметінше, олар күнделікті тұрмыста қажетсіз болып көрінетін заттарға екінші өмір сыйлап, бөтелке қақпақтарынан Қазақстанның көлемді картасын құрастырды.
Жобаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттырып, қоқысты қайта қолдануға үйрету. Бұл игі бастаманы мектептің «Экоәлем» бағыты бойынша жауапты мұғалім Данар Төлегенова ұйымдастырды, - делінген мәліметте.
5-11 сыныптар арасында өткізілген қақпақ жинау сайысы арқылы оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен белсенділік қалыптасты.
«Экоәлем» бойынша жиналған қақпақ саны 832 дана құрады. Ал көлемді карта жасау үшін 397 түрлі-түсті қақпақ жеткілікті болды.
Қалған қақпақтар алдағы экологиялық жобаларға сақталып қойылды.
Картаны құрастыру жұмысына 5-6 сыныптың «Экоәлем» көшбасшылары мен белсенді ата-аналар да ат салысты. Бірлесе жұмыс істеу балалардың ынтасын арттырып, қоршаған ортаға қамқор болуға үйретті.

