Оқу-ағарту министрлігі

Астаналық оқушылар алма ағашын егіп, жемісін алуда

16.07.2025 16:19

Елордадағы №43 мектеп-қосымша білім беру орталығының оқушылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше белсенділік танытып келеді. Мектеп ауласында бірнеше жылдан бері қолға алынған көгалдандыру жұмыстары бүгінде нақты нәтижесін беруде – екінші жыл қатарынан егілген алма ағаштары жеміс беріп жатыр.

Мектеп айналасындағы 18 гектардан астам аумаққа бау-бақша, жылыжай және гүлзарлар жайғасқан. Оқушылар мұнда түрлі жемістер мен көкөністерді өз қолдарымен егіп, күтіп-баптауды үйренуде. Бұл бастама оқушыларға табиғатпен етене жақын болуға, еңбекке баулуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беруде.

Айта кетерлігі, алма көшеттері алғаш рет оқушы Дарын Тәңірберлинов бастауышты тәмамдаған жылы егілген. Қазір ол 10-сынып оқушысы. Дарынның айтуынша, ағаштарды ата-аналармен бірге отырғызған.

Астаналық оқушылар алма ағашын егіп, жемісін алуда

Екінші жыл қатарынан алмалардың дәмін көріп жатырмыз. Жемісі өте тәтті әрі сапалы, – дейді ол.

Биыл мектеп ауласындағы 30 түп алма ағашына тағы 20 түп көшет қосылды. Мектеп директорының айтуынша, бұл – астанада алма бағы бар жалғыз мектеп. Ұстаздар мен оқушылардың ұйымшылдығы мен еңбегінің нәтижесінде оқу орны жасыл желекке айналған.

Сонымен қатар, мектепте жыл он екі ай жұмыс істейтін жылыжай бар. Мұнда оқушылар биология пәні мұғалімімен бірге аскөк пен жеміс түрлерін өсіріп, барлық аграрлық үдерісті зерттеу арқылы меңгереді. Олар тұқым себуден бастап өнім алуға дейінгі кезеңдерді толық өздері жүргізеді.

Астаналық оқушылар алма ағашын егіп, жемісін алуда

Бұл игі бастама – жас ұрпақты табиғатты аялауға, еңбекке баулуға және экологиялық ой-сана қалыптастыруға бағытталған жарқын үлгі.