Жаңалықтар

Астаналықтар тегін диагностикадан өтті

Дүниежүзілік жүрек күніне орай Астанада «Жүрегіңізді сақтаңыз» акциясы өтті.
27.10.2016 04:35 7274

Дүниежүзілік жүрек күніне орай Астанада «Жүрегіңізді сақтаңыз» акциясы өтті. Шара аясында қала тұрғындары диагностикалық тексерістен тегін өтіп, кардиолог, эндокринолог мамандар кеңес берді.

Астаналықтар тегін диагностикадан өтті

Мамандар жүрек-қантамыр аурулары – әлемдегі өлім-жітім мен мүгедектіктің басты себебі дейді. Жүрек-қан тамырлары мен инсульт жоғарғы қан қысымы, қан құрамында холестерин мен қанттың көп болуы, темекі шегу, жемістер мен көкеністерді аз пайдалану, салмақ қосудан пайда болады.

Астаналықтар тегін диагностикадан өтті

Астана қаласы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының үйлестірушісі Қанат Хамзин:                    

«Дүниежүзілік жүрек күні аясында «Жүрегіңізді сақтаңыз» акциясын адамдар көп жүретін сауда орталығында өткізіп отырмыз. Кардиолог, эндокринолог мамандар қызметінен бөлек, қаралушы адамдарға жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға қатысты кеңес береміз. Қазір адамдар уақыт аздығын сылтау етіп, өз денсаулығына салғырт қарайды».

Акцияға қатысушы, дәрігер-эндокринолог Жанар Құсманқызының айтуынша, темекіні тұтыну денсаулыққа айтарлықтай қауіпті екені әлдеқашан дәлелденген. Жыл сайын ғаламдық темекі індетінен 6 миллион өлім-жітім оқиғасы болады дейді.

Астаналықтар тегін диагностикадан өтті

Жанар Құсманқызы, Астана қаласы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының алдын алу бағдарламалар бөлімінің басшысы, дәрігер-эндокринолог:

«28 қыркүйек дүниежүзілік жүрек күні аясында Қазақстанның әр аймағында арнайы шаралар өтеді.  Профилактикалық медицина әрдайым бірінші орында тұруы керек. Аурудың  алдын алу шараларын жүргізу арқылы, ауруды ерте кезеңнен анықтауға болады. Әр адам өз денсаулығы үшін өзі жауап беруі керек. Бүгін келуші халық көп. Глюкометр құралы арқылы қант мөлшерін анықтап, қан құрамында өзгерісі бар қаралушыларға тиісті тағайындама беріп жатырмыз» дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, диабет кезінде есте сақтау жады және мидың басқада қызметтері бұзылады. Сонымен бірге диабет ер кісілердің де, әйелдердің де жыныстық өмір жағдайына кері әсер ететінін айта кету керек. Қан құрамында қант деңгейі қалыпты деңгейден жоғары адамдар өзін ұн тағамдарынан, тәттіден, майлы тамақтардан шектеуі керек.

Бүгінгі акция аясында кешке дейін барлығы 150-200 астаналық тұрғын тексерілді. Оларға жүрек-қантамыр ауруларының дамуы және темекі тұтыну қаупінің жоғарылығы, күнделікті дене жаттығуының маңызы туралы кеңес берілді. Акция туралы көршісінен естіп келген зейнеткер Тамара Павловнаның денсаулығы ойдағыдай болып шықты.

Астаналықтар тегін диагностикадан өтті

Тамара Павловна:

«Бүгінгі акция зейнеткерлер үшін өте тиімді. Емханаларда кезекте тұрып, жүруге денсаулығымыз жарай бермейді. Қан қысымымызды, қан құрамын өлшетіп, дәрігерлерден тегін кеңес алдық».

Деннің саулығы – бұл адамның табиғи ұмтылысы. Денсаулық тек аурудың болмауы ғана емес, сондай ақ дене күші, психикалық және әлеуметтік жетістікті білдіреді. Қазақстанда соңғы он жылдықта жүрек қан-тамырлары ауруларының деңгейі төмендеп келе жатыр. Мамандардың айтуынша, жүрек аурулары жастар арасында өршіп тұр.


Ая ӨМІРТАЙ 

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға