Жаңалықтар

Астаналық Алмаз Алиев жас суретшілер байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

Бүгін Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай жас суретшілердің бейнелеу өнері және қолөнерінің республикалық байқауы өтті.
Астаналық Алмаз Алиев жас суретшілер байқауының бас жүлдесін жеңіп алды
12.12.2018 03:01 2492

Бүгін Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай жас суретшілердің бейнелеу өнері және қолөнерінің республикалық байқауы өтті.

Астана қаласының Білім басқармасының қолдауымен өткізілген «Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!» республикалық байқауына еліміздің өңірлерінен мыңға тарта оқушы қатысты.

Байқауда 5-17 жас аралығындағы жас таланттар бейнелеу өнері (кескіндеме, акварель, гуашь, майлы бояу, сурет, графика, линогравюра) және сәндік-қолданбалы өнері (ағаш, металл, былғары, аппликация, коллаж, керамика, гобелен, батик, кесте тоқу) номинациялары бойынша бақ сынады.

Қазылар алқасының төрағасы - Астана суретшілері Одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір: «Бұл іс-шара Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында оқушыларға, олардың ата-аналарына тамаша көңіл-күй сыйлаған байқау болды. Оның аясында көрме ұйымдастырылып, оған келушілер жас таланттардың туындыларын көріп, көзайым болды. Балалардың балғын жан дүниелерінен кіршіксіз, таза дүниелер туады. Оны тамашалаған адам да үлкен әсер алады.

Бізге жас жеткіншек таланттардың жұмыстарын саралап, олардың арасынан үздігін таңдап алу оңайға соқпады. Өйткені әрқайсысы өз алдына жеке бір жауһар деуге болады», – деп пікірін білдірді.

Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгіні бейнеленген суреттер мен ұлттың рухани құндылығын сипаттайтын қолөнер туындылары қойылған көрмеде барлық қатысушылар арнайы сертфикаттармен марапатталып, І, ІІ, ІІІ орын алған жасөспірімдерге дипломдар мен кубоктар табыс етілді.

Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай: «Байқауда жас суретшілердің бейнелеу және қолөнер бейіндік бағыттары айқындалып, шығармашылық қабілеттері шыңдалды. Олардың Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдері одан әрі дамып, толеранттылық және эстетикалық ұғымдары кеңейді. Еліміздің әр азаматы оның мақтанышына айнала алатынына тағы да бір көз жеткіздік», – деді.

Мыңдаған жұмыстардың ішінде Гран-приге Астана қаласының № 67 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Алмаз Алиев лайық деп танылды. Байырғы замандағы қазақ халқының өр рухы бейнеленген «Қазақстан» деп аталатын панно металл және пластилин материалдарымен жасалған.

Өз жұмысын таныстырып өткен Алмаз Алиев: «Бұл туындымды жетекшімнің нұсқауымен бір жарым ай бойы жасадым. Жұмыс үдерісі өте күрделі болды. Бірақ тыңғылықты еңбегім жоғары бағаланып, бас жүлденің иегері атандым. Мен шынымен де қуаныштымын», – деп әсерімен бөлісті жеңімпаз.

Нұргүл ШАТЕКОВА color:#3B3C3C">

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша  none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға