Астаналық махаббат хикаясы: Руслан мен Жұлдыз
Бұл осыдан бес жыл бұрын болған оқиға. Руслан Мәскеудегі Автомобиль және Жол құрылысы мемлекеттік техникалық университетінің студенті, ал Жұлдыз Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасында оқып жүрген кез. Бір-бірінен бейхабар екі жас таңдайтын мамандықтары олардың алдағы тағдырында басты рөл атқаратынын білмеген еді.
Ақмола облысының Есіл қаласында дүниеге келген Жұлдыз 2004 жылы өз қатарластарымен бірге орта мектепті озық бағамен тәмамдап, жоғары оқу орнына түспек болады. Әкесі Жұлдыздың Астанада оқығанын, сол жерден өз бақытын тапқанын армандап жүруші еді. Әке тілегі періштенің құлағына шалынды ма, әйтеуір сол жылы Жұлдыз Қазақстандағы үздік оқу ордаларының бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, "Әлеуметтану" мамандығы бойынша грантқа түседі. Қызығы мен қиындығы аралас төрт жыл ішінде Жұлдыз әке-шешесінен алыста жүріп, өз өміріне жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Ол сол кезден-ақ, оқу бітіреннен кейінгі алдағы өмірінің бағыт-бағдарын айқындап қойған болатын. Сөйтіп, 2008 жылы өзі бітірген университетте, дәл сол мамандық бойынша магистратураны жалғастырады.
"Әлеуметтану ғылымын таңдаған кезде, қазіргідей қызығушылығым болған жоқ. Бірақ, осы саланы зерттеген сайын, ол мені қызықтыра түсті. Магистратурада оқып жүріп, жұмыс істедім. Кез-келген мамандықта теория мен практиканың қатар жүргені дұрыс," - дейді Жұлдыз Ғалымжанова. Оқу мен жұмыстың ортасында жүрген Жұлдыздың жеке өміріне мүлдем уақыты да болмайтын. Сондай күндердің бірінде әлеуметтік желі арқылы бір жас жігіт достық ұсынады.
Жұлдыз Ғалымжанова:
Әдетте адамдар: "Сіз маған ұнап қалдыңыз" немесе "Сіздің көзіңіз әдемі екен" деген сияқты сөздер айтып танысып жаста, ол :"Сіз әлеуметтанушысыз ба? Мен де қазір осы дисциплинаны оқып жүрмін. Бұл әрі қызықты әрі пайдалы," деді. (күлді) Сондықтан да мен Русланның достығын қабылдадым. Екеуміз достықтан гөрі, әріптес ретінде араласып жүрдік. Бұл 2010 жылы, мен оқу бітіріп, Алматыға жұмысқа ауысқан кезде болған еді. Бір қызығы дәл сол жылы ол Мәскеудегі оқуын аяқтап, Астанаға келген болатын. Бірақ бір жағдайлармен кездесе алмадық. Шамамен екі жылдай интернет арқылы араласып жүрдік. Сол жылдар мен үшін қиын болды. Бөтен қала, дос түгіл, танысым да болған жоқ. Сондықтан болар, Русланмен интернетте жиі хат жазысып, жақын араласып кеттік. Алматылықтарды ренжіткім келмейді. Ол өте әдемі қала. Егер Астана үлкен бір "кеңсе" болатын болса, Алматыдағы адамдардың жұмыстан бөлек әркімнің өз қызығушылығы бар. Олар әртүрлі шараларға жиі жиналып тұрады. Бұл жағынан Астана да қалыспайды. Мысалы, қазір Астанада осыдан 7-8 жыл бұрынғыға қарағанда "креативті" адамдар көбейіп жатыр.
Руслан Ғалымжанов:
Мен Жұлдызды алғаш көрген кезден ұнаттым. 2012 жылдың қаңтар айы болатын. Екеуміз күннің суығына, қақаған аязға қарамай күнде кездесіп, қаланы аралайтынбыз. Қатты тоңған кезде бір жерге кіріп шай ішеміз де қайтадан шығамыз. Ол маған қарағанда қаланың ескі бөлігін жақсы білетін. Мен жұмыс пен үйдің екі ортасын, сосын сол жағалауды білем, болды. Бізді Астананың қысы, аязы жақындастырған шығар. Жұлдыз менің анама қатты ұқсайды, мінезі де сондай. Анам педагог, ақ жарқын адам, кісілермен тез тіл табысып кетеді, Жұлдыз да сондай. Біздің үйге келген көп адамдар мені сол үйдің күйеу баласы деп ойлайды. (күлді)
Неліктен некелесу үшін дәл осы күнді, яғни 6 шілдені таңдадыңыздар?
Руслан Ғалымжанов: Бұл күні бәрі демалады, той жасауға қолайлы күн. Бір жағынан жаттап алуға оңай.
Жұлдыз Ғалымжанова: Мен некемізді табиғат аясында, дала қидыруды армандайтынмын. АХАЖ қызметкерлері бізге осындай ұсыныс жасады. Сол жылы (2013ж) "Отан-Ана" монументінің алдында 40 жұп неке қидырды. Бәрімізге арнап фотосессия өткізді. Қалыңдықтарға гүл шоғын сыйлады. Басында топпен бірге жүріп шаршайтын шығармыз деген сияқты күдіктер болды. Бірақ ол жерде 40 жаңа отбасы құрылып жатты. Бәрінің жүзінде күлкі, жүрегінде қуаныш. Ол жердің атмосферасы керемет болды. Ресми бөлім аяқталған соң, бізді келесі саты жақындарымыз бен достарымыздың құттықтауы күтті. Бұл мен үшін ұмытылмас күн. Жыл сайын 6 шілде күні осы оқиғаны еске алып жүрем.
Құрылғанына үшінші жыл кеткен Руслан мен Жұлдыз Ғалымжановтардың шаңырағы Нурия есімді сәбимен толықты. Бүгінгі таңда Руслан қаланың ірі компанияларының бірінде логист болып қызмет етсе, өз мамандығына адал Жұлдыз Еуразия ұлттық университетінің докторантурасында оқып жатыр.
Адам екі нәрседен: мамандық таңдаудан және жар таңдаудан қателеспеуі керек дейді. Руслан мен Жұлдыздың дұрыс таңдау жасағаны үшін біз де қуаныштымыз.
Құрметті оқырман, егер сіз 6 шілде күні Астанада отау құрсаңыз және отбасыңыз туралы мақаланы біздің сайтқа жариялағыңыз келсе news@el.kz электронды адресіне хат жолдаңыз.
Материалды әзірлеген: Қаламқас НҰРМАҚОВА