Жаңалықтар

Астанадан Ақтоғайға велосипедпен...

Салауатты өмір салтын ұстанып жүрген әуесқой велошабандоз Ернат Қашқыновпен сұхбат
Астанадан Ақтоғайға велосипедпен...
29.08.2018 17:13 7343

 

Қазақтың тойшылдығы бағы да соры да секілді мен үшін. Соры деуімнің себебі болмашы дүниеге барымызды шашамыз, ысырапқа ұрынамыз. Бағы дегенімнің себебі біз өткенді ұмытпайтын,  қаншама жылдар өтсе де ұлықтай білетін елміз. Бірақ, бүгінгі әңгімеміздің төркіні бөлек болмақ. Атаулы даталарға мемлекеттің қаржысын шашпай-ақ үлес қосқысы келетін, сонысымен көпке үлгі болатын азаматтар арамызда әлі де бар екен. Ендеше, оқырманды ынтықтыра бермей, әңгімемізге арқау болып отырған Ернат Жеңісұлы Қашқынов атты азаматты таныстырайын.

- Ернат, әлеуметтік желілерден сенің велошеру ұйымдастырып жатқандығыңды оқып жатырмыз. Бұл идея ойыңа қалай келді? Шеру жасаудағы басты мақсатың не?

- "Астананың 20 жылдығына" және өзімнің кіндік қаным тамған мекен "Ақтоғай ауданының 90 жылдығына"  орай велошеру өткізгім келетіндігін ерте көктемнен бастап айтып келе жатырмын. Мен бұл идеямды алғаш өз парақшама жариялағанда әуелі "Бақ.кз" порталы, содан кейін "Қазақстан" ұлттық арасының "Таңшолпан" бағдарламасы қызығушылық танытты. Бұл жердегі мақсатым арзан атақ жинау я болмаса біреулерден қаржылай қолдау табу емес. Керісінше, осындай дүниелерді жалаң патриотизмге салмай, жек көрінішті қылмай, ешкімге қол жаймай-ақ, қарапайым түрде атап өтуге болатындығын көрсету және де баса назар аударатын бір мәселе - ол әрине, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Алғаш берген сұхбаттарымда мен бұл шеруді жалғыз жасамақшы екендігімді, соңымнан ерем деушілер бар болса қарсылығым жоқ екендігін айтқан болатынмын. Өзіммен үндес, рухтас адамдар табылып, бүгінде бұл шеруге Астанадан 5 адам аттанғалы отырмыз. Аттану күнімізді бертінге дейін белгілей алмауымның басты себебі, Ақтоғай ауданының 90 жылдығы мерейтойының тойлану күнінің ресми белгіленбеуінде жатыр еді. Бұл мәселелер өз шешімін тапқандықтан біз 4-қыркүйек күні Елордамыздағы "Қазақ елі" монументінен бастау алған сапарымызды 7-қыркүйек күні  Алаш алыптарын дүниеге әкелген киелі мекен Ақтоғайдың қақ төріндегі "Алаш" алаңында аяқтау жоспарлап отырмыз.

- Велосипед тебуді қашан бастадың? Яғни,  тұрақты түрде көлік ретінде пайдалануыңды айтып отырмын. Айналаң қалай қабылдады?

- Бұл көлігімді осыдан төрт жыл бұрын алдым. Әу баста үйдегілердің шоши қарағаны рас. Себебі, ол кезде бас қаламызда қазіргідей арнайы жолдар жоқ еді ғой. Автомобилдермен қатарласа жүру өміріңе қауіпті екендігі белгілі. Осы жағынан қиындықтар туындайтынын білгендіктен алаңдаған болар. Бірақ, қазір бұл әрекетіме қуанбаса еш ренжімейді. Ал, айналамызда велосипедті көлік ретінде пайдаланатындарға ошырая қарау әлі де бар. Достарыммен, таныстарыммен әңгімелесіп отырып байқағаным мынау. Көбісі бұл әрекетімнің дұрыс екенін біледі. Пайдалы екенін мойындайды. Қызыға қарайды.  Бірақ, жеме-жемге келгенде көшеде белесебет теуіп жүруді ар санайды. Жалған намыстары жібермейді. Мен өзім аудармашы, ағылшын тілінің маманы болғандықтан бұл көлікті өз тіліміздегі айтылуы бойынша белесебет деп айтқанды ұнатамын. Себебі, бұлай атау кезінде  түпнұсқадан да алыстап кетпейсің.

- Жәнібек Кәрменов ағамыз өзінің "Ойламаңдар жігіттер" толғауында "Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың" дейді. Өзіңнің ойға алған сапарыңдағы жаныңа еретін жолдастарың жайлы айта кетсең. Оларды қалай таңдадың? Олар бұл сапарға не үшін шықпақшы? Араларыңызда мұндай қашықтыққа төселген адамдар бар ма?

- Осы жерде басты назарға алатын бір мәселе бар. Біз әрқайсымыз әр саланың адамдарымыз және әуесқой велошабандоздармыз.  Бұған дейін бұндай ұзақ қашықтықта сыналып көрмегенбіз. Қалаішілік марафондарға қатысқанымызбен, жұмысымызға теуіп келіп жүргенімізбен салыстыруға келмейтін дүние. Мен бұл сапарға дайындық ретінде өзімді 50 шақырымдық қашықтыққа барып сынап көрдім. Барып-қайтуым 100 шақырым деген сөз ғой. Аршалыға ешқандай жүкісіз, тіпті, сусыз шықтым. Тілім кеуіп, белсебет тепкелі сезінбеген ауыртпашылықты сезіндім. Одан кейін дәл осы қашықтықты тағы екі мәрте еңсердім. Дәп біріншідегідей қиналғаным жоқ. Үшінші сапарымда ойнақтап отырып барып қайттым десем де болады. Ал, еді  жанымдағы серіктерімді қалай таңдағаныма көшелік.

Менің "сауын айтқаныма" қызығып, хабарласқандар жетерлік болды. Араларынан тұрақты түрде белсебет теуіп жүрген немесе спортпен айналысып жүрген жандарды іріктеп алдым. Қазір екінің бірі қолданатын уатсапта бір топ құрып алып, сол жер арқылы іріктедім.

Жасұлан Ұкеев - 1982 жылы туған. Көкшетау қаласының тұрғыны. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог.

 

Нариман Есмағанбетов - 1982 жылы дүниеге келген.  Шахтинск қаласы әкімдігі,аумақтық басқарманың бөлім басшысы. Мемлекеттік қызметкер.

Асқат Сүйіндіков - 1970 жылы туған. Ақтоғай ауданы, Сәуле ауылының тұрғыны. Ауыл мешітінің имамы. Бұл кісінің біздің тобымызға қосылуының өзі қызық. Бұл кісінің белесебеті біздікіндей спорт белсебеті емес екен. Кәдімгі, баяғы "Урал". "Аға, сіз бізге маңайдағы ауылдардан қосылыңыз" деп айтып отырғанмын. Бұның бәрі манағы айтқан уатсап топта талқыланған әңгіме.  Абырой болғанда Әйгерімде артық белесебет бар екен. Асқат ағамыз сол белесебетке отыратын болды.

Әйгерім Аязбаева - 1999 жылы дүниеге келген.  ҚарМУ журналистика бөлімінің 3-курс студенті. Мінекей, осы бесеуміз Астанадан бастап жолға шығамыз. Бізге  Қарағандыдан  Бағдат Қабылдин деген азамат қосылады. 1974 жылы дүниеге келген бұл ағамыз жеке кәсіпкер.

- Велошерулеріңнің А нүктесімен Б нүктесі арасындағы маршруттарың жайлы айтсаң? Алда қандай қиындықтар күтіп тұр? Шешілген, шешілмеген мәселелер бар ма?

- Сөз басында айтып кеттім ғой. Ешкімге қол жайғымыз келмейді.Мақсатымыз ешкімге міндетсіну емес. Әкімдіктерге шығып, мынандай мәселелерді шешіп беріңіздерші деп өтінгім де келмейді. Бұл таза өз ниетімізден туған шара. Сондықтан да барлығын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Мәселен, барлығымызға бірдей футболкалар әзірленуде. Белсебеттерімізді күрделі тексеріс пен жөндеуден өткізіп алдық. Жолда кезігетін қиындықтар болып тұрады ғой. Мысалы, дөңгелек жарылу деген секілді. Оның барлығына қажетті заттарды, артық дөңгелек камераларын алып жатырмыз. Бізді алаңдататын бір ғана мәселе бар. Ол -  сол күндер аралығындағы ауа райы мәселесі. Егер, біздің жанымызда керекті құрал-саймандарымызды артып қоятын, біреумізге бірдеңе бола қалған жағдайда жедел көмек көрсететін машина болса жақсы болар еді. Бұл мәселені де достар, таныстар, туыстар арасында шешуге талпынып жатырмыз.  Тіпті, жылдық еңбек демалыстарын тап осы шеруге ыңғайлап алған жігіттер де бар арамызда. Сапарға шығардан бірер күн бұрын маршрутымыздағы қонақ үйлерді брондап қоятын болармыз. Астанадан шыққан күні Осакаровка ауданына барып түнеу жоспарда тұр. Одан кейінгі қонатын жеріміз Қарағанды қаласы. Бұл қалада Әлімхан Ермеков ағамыздың басына соғып құран бағыштау ойымызда бар. Жалпы, маршрутымызда кезігетін, тарихымыздан ойып орын алған тұлғалардың басына соғып отырамыз.  Қарағандыдан шыққан соң Ақсу Аюлы ауданының басында бір түнемекпіз. Бұл жерде Шортанбай Қанайұлы бабамыз жатыр дегендей. Биыл ол кісінің 200 жылдығы ғой. Ақтоғай мен Ақсу Аюлының ортасында Шабанбай бабамыздың жатқан жері бар. Жолымыздан көп ауытқымай, осындай кісілердің басына соғып кетуді де парыз санап отырмыз. Осылайша, сапарымыздың соңғы нүктесі Ақтоғай ауданына мерейтойдың алғашқы күні жету ойымызда бар.

Қазіргі жобамыз бойынша әр 25-30 шақырым сайын бір аяқ суытып аламыз деп отырмыз. Негізі, бұның барлығы алғашқы 25 шақырымнан соң белгілі болады. Себебі, бағана айтып өттім ғой. Біз әуесқойлармыз. Мен 50 шақырым жерге 3 рет барып қайтқан адаммын. Асқат ағамыз Ақтоғайға, яғни, 18 шақырым жерге барып келіп жүрген адам. Осылайша өзімізді сынап көреміз.

- Жалпы, бұл шерудің айтқысы келетін тағы бір ойы бар секілді...

- Иә, мәселен, біздің Астанада веложол бар ғой. Бізден бөлек Алматыда бар.  Өзім көзіммен көрмедім веложол Шымкентте де  бар дейді. Біз Қарағандыға соғып, көшесімен жүруіміздің өзінде Қарағандыға арнайы веложолдардың керек екенін еске салу. Белесебетпен жүрудің денсаулықтан бөлек те пайдалы тұстары жетерлік. Жүйкеңді құртып автобуста сығылысып тұрмайсың. Уақыт жағынан да ұтымды. Қаржылық тұрғыдан да өте тиімді. Автобуспен қатарласа жүрсең автобустан қалып қоюың мүмкін. Бірақ, сен белсебетпен тығындарда тұрып қалмайсың, бағдаршамдарды күтіп отырмайсың. Мәселен, көбіміз спорт залдарға барып, дайындалғымыз келеді. Бірер айдан соң уақыт таппай қойып кетеміз. Ал, мынау дегеніңіз соның барлығының тегін жиынтығы ғой. Себебі, сен жұмысқа бәрібір барасың, жұмысыңнан бәрібір қайтасың. Осыны өзіңе тиімді пайдалана білуің керексің.

- Өмірлік қағидаларың жайлы айта кетсең.

- Мен өзім үшін 7 әдетті  ұстаным қылып алдым. Бір дүниені қайта-қайта қайталап әдетке ендіру. Мәселен, бір әдетті 20 күн қайталасаң 21-күні адамның миында нейрондар қалыптасады екен. Әуелгіде жіңішке жіп секілді бастау алған бұл нейрондар арқан секілді жуандай береді.  Абай айтатын "Толық адам" деген ұғым бар. Бұл семіз адам деген сөз емес. Барлық жағынан толысуды айтып отыр.

1-әдетім, Алланы сүю. Бірақ, оны жұртқа жарнамалап қажеті жоқ. Ол сенің жұрт алдындағы көрсеткішің болмауы керек.

2-әдетім, ерте тұру. Яғни, Алланы сүйетін адам ерте тұрып, Аллаға сыйынады ғой. Сол үшін  ерте тұру әдебін қалыптастырасың.

3-әдетім, спортпен шұғылдану. Жаратқанға жалбарындым, ерте тұрдым, енді мен осы уақытымның бір бөлігін спортқа арнауым керек. Міндетті түрде 20-30 минутымды спортқа арнаймын. Бұл менде қазір әдет. Қанша кеш жатсам да таң ертең ерте оянып аламын.

4-әдетім - дұрыс тамақтану. Дұрыс уақыттарда тамақтану, газды сусындардан бас тарту. Мәселен, мен қазір "Кола" ішпеймін. Әуелгіде өзім ғана бас тартқанмын. Қазір отбасым да осы ұстанымды ұстанады.

5-әдетім - көп оқу. Кез-келген нәрсе оқу арқылы пайда болады. Кез-келген саланы бағындыру, сол салада алған, жиған біліміңе тікелей байланысты.

6-әдетім - қажырлы еңбек ету. Тынымсыз жұмыс ңстеу. Өзіңді еңбекке есекше жегу.

7-әдетім - материалдық тәуелсіздікке жету. Осы жеті әдет мені толық адам дәрежесіне жеткізетін секілді. Бұл енді менің өз ойым.  Мен өазір осы жетінші әдеттің жолында жүрмін.

- Арнайы уақытыңды бөліп, бізге сұхбат бергеніңе рахмет. Алға қойған мақсаттарыңа жете бер! Сапарларың сәтті болсын!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға