Жаңалықтар

Астанадағы Ironman 70.3 турниріне мыңнан астам спортшы қатысып жатыр

Астанадағы Ironman 70.3 турниріне  мыңнан астам спортшы қатысып жатыр
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 02.07.2023 14:19 998

Астананың Триатлон саябағында 60 елдің спортшыларының қатысуымен Ironman 70.3 турнирі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. елорда әкімдігінің ресми сайтыне сілтеме жасап. 

IRONMAN сайысына биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 1 200-ден астам спортшы жиналған. Іс-шараның салтанатты ашылуына еліміздің Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, "Freedom Life" компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Азамат Ердесов қатысты.

Баршаңызды спорт мерекесімен құттықтаймын! Ironman жыл сайын елорда төрінде ұйымдастырылып келе жатыр. Биылғы жарысқа 1 200 қатысушы тіркеліп, оның 400-і шетелден келген. Алдағы уақытта бұл айтулы іс-шара жалғасын табады деп сенемін, - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов. 

Аталған сынға Үндістаннан 150-ден астам спортшы қатысып жатыр. Сондай-ақ, жарыстың ең жас қатысушысы 18 жаста болса, ал ең қарты 76 жастағы Марат Балтабаев болып отыр. 

Осы орайда 76 жастағы Марат Балтабаев Ironman жарысы жайлы ойын білдірді. 

Бүгін триатлон сайысына (1,9 шақырым жүзу, 90 шақырым велосипедпен жүру, 21 шақырым жүгіру) қатысуды жоспарлап отырмын. Негізі былтыр осы белесті бағындыруым керек еді. Алайда жарыс басталмас бұрын бір жігіттің гидрокостюммен жүзген ыңғайлырақ деген кеңесін тыңдап, алғаш рет киіммен жүздім. Бірақ гидрокостюм қолымның созылуына кедергі жасап, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болдым.
Биыл ешқандай тосын сыйсыз өзімнің үйренгенімдей жүзіп өтіп, мәреге жетуге тырысамын», – деді ол жарыс алдында.

Жарыстың қашықтығы 2-ге бөлінеді. Оның ішінде жартылай сында 1,9 шақырым жүзу, 90 шақырымды велосипедпен өту, 21 шақырымды жүгіру секілді сындар бар. Ал толық бәсекеде қатысушылар 3,8 шақырымды жүзіп, 180 шақырымды велосипедпен, 42 шақырымды жүгіріп өтуі тиіс. 

Елімізде өтіп жатқан ірі турнирдің сәтті өтуіне 800-дей ерікті атсалысып, тамақтану пунктерінде, жинақтарды алу аймағында және бүкіл жарыс бағытында көмектеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға