Жаңалықтар

Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына еріктілерді жинап жатыр

Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына еріктілерді жинап жатыр
Фото: Коллаж El.kz 29.05.2024 13:27 1009

Биылғы жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазір ойындарды дайындау және өткізу дирекциясы еріктілерді іріктеп жатыр, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл Орталық Азия көшпенділерінің мәдениеттеріне терең енген, этникалық спорт түрлерін көрсететін халықаралық жарыстар. Бұл ойындар Қырғызстанда басталып, алғашқы үш маусым көрші елде өтті. Одан кейін COVID-19 байланысты екі жыл ұйымдастырылмады. Ал 2022 жылы Түркия қабылдады. Биылғы кезек Қазақстанға келді. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға деген қызығушылық күннен күнге артып келеді. Дүбірлі додаға еріктілер тартылмақ. Осы жылдың қаңтарында волонтерлік өтінімдерді қабылдау басталды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының ақпараты бойынша, бұл жұмыспен Астананың 13 жоғары оқу орны қамтылған. Соның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де бар.

Ойынға еріктілерді тарту мақсатында барлығы 12 мыңнан астам студентті қамтитын 95 кездесу өткізілген. Қазіргі уақытта мамандар әлеуетті еріктілермен офлайн және онлайн сұхбат жүргізіп, студенттер арасында іріктеу кезеңін өткізіп жатыр. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша іріктелген еріктілер арнайы дайындықтан өтіп, оқу-жаттығуларға және іс-шараларға қатысады.

Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директорының орынбасары Сәулет Әбуов 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтерларды іріктеу және дайындау жұмыстарын жүзеге асырып келе жатқанын айтты.

Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына еріктілерді жинап жатыр

жеке мұрағат 

Бұл еліміз үшін өте үлкен, ауқымды іс-шара. Осындай маңызды іс-шараны өткізуге еліміздің, елорданың тіпті шет елдердің ең белсенді еріктілерін іріктеудеміз. Қаңтар айынан бастап мамыр айына дейін волонтерлікке өтінімдер қабылдау жұмыстарын жүзеге асырдық. Қазір сол өтінім қалдырған барша волонтерлармен сұхбат жүргізудеміз. Волонтер болуға ынталы жастар өте көп, тіпті егде жастағы белсенді волонтерлар да бар, – деді Сәулет Әбуов.

Сондай-ақ ол сұхбаттасу барысында волонтерлардың тәжірибесі, жетістіктері, шет тілдерін меңгеру деңгейі, қазақ мәдениетін салт-дәстүрін, ойындар өтетін нысандар туралы білуі ескерілетінін айтты.

Ал ЕҰУ-дің  2 курс студенті Назерке Алтынбек іріктеудің екінші кезеңіне өз бағын сынау үшін барған. Ол ұлттық ойындар туралы көбірек білгісі келетінін айтты.

Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына еріктілерді жинап жатыр

жеке мұрағат 

Мен ерікті болғым келеді. Волонтер болып өзімді жаңа қырымнан көрсетемін деген ойдамын. Бірақ  әлі екінші кезеңнің нәтижесі шыққан жоқ. Сол себепті өткен-өтпегенім жайында әзірге білмеймін. Ал өтіп жатсам қатты қуанышты болатын едім. Себебі бұрын-соңды мұндай үлкен ойындарды өз басым әлі көрмедім, – дейді студент.

Сондай-ақ ол еріктілерге іріктеу жүріп жатқанын университет арқылы білгенін жеткізді.

Іріктеу туралы ақпарат Еуразия ұлттық университетінің әлуметтік желісіне шықты. Сосын бағымды неге сынап көрмеске деген ой келді.  Менің ойымша, бұл ойындар түркі елдеріне ұнайды. Ал шығыс елдері де қызығушылық танытуы әбден мүмкін, – дейді ЕҰУ-дің 2 курс студенті Назерке Алтынбек.

ЕҰУ-дың 3 курс студенті Жасұлан Сахай «Ұлы дала дүбірі» көшпенділер ойындарына волонтерлар іріктеуіне қатысып екінші кезеңіне тапсырды. Ол бұл ісін, өзіне берілген «үлкен мүмкіндік» деп ойлайды.

Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына еріктілерді жинап жатыр

жеке мұрағат 

Өзіме тәжірибе жинап, шетелдің азаматтарымен сөйлесіп, қазақ халқының кім екенін көрсеткім келеді. екінші кезеңнің шешімін күтіп отырмын, – дейді студент.

Жасұлан бұл ойындардың басқа қалаларда емес, осы Астанада болатынына қуанышты екенін білдірді.  

Себебі Астана – бас қала және жас қала. Бұл шаһарда осындай үлкен іс-шаралар өткізілгенін дұрыс деп санаймын. Менің ойымша, осы  көшпенді халықтардың  алдыңғы қатарлы ойындарын Америка, Мексика, Канада тағы басқа елдер қызығып көреді деп ойлаймын, – дейді ЕҰУ-дың 3 курс студенті Жасұлан Сахай.

 Ойындар қайда өтеді?

 Ат жарысы, садақ ату және тағы басқа ұлттық ойын түрлері бойынша жарыстар «Қазанат» ипподромында және оған іргелес этноауыл аумағында өтеді. Ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары бойынша жарыс «Жекпе-же» сарайында, Ж.Үшкемпіров және «Алау» мұз сарайында болады. «Думан» кешені дәстүрлі зияткерлік ойындар алаңына айналады. Ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында, жабылу салтанаты «Қазанат» ипподромында өтеді.

«Этно ауыл» туралы

«Этно ауыл» Қазанат ипподромының жанында орналасқандықтан, ашылу салтанатына 1 күн қалғанда алғашқы қонақтарды қабылдайды. Бірінші күні «Астана – көшпенділердің астанасы» атты театрландырылған қойылым өтеді. Кейіннен іс-шараға жоғары лауазымды шетелдік тұлғалар мен халықаралық спорт ұйымдарының көшбасшылары қатысады.

Балаларды қуанту үшін ауылда жас қонақтарға арналған бірнеше қазақ стиліндегі ойын алаңдары мен аттракциондар болады. Сонымен қатар, жәрмеңке-көрмеде қолөнершілердің үздік жұмыстары ұсынылады және интерактивті шеберлік сыныптары көрсетіледі.

Әдемі Анарбекова,

ЕҰУ-дың екінші курс студенті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға