Жаңалықтар

Астанада қалай үнемді әрі көңілді демалуға болады?

Елорда қонақтарына арналған кеңес
Астанада қалай үнемді әрі көңілді демалуға болады?
04.07.2017 18:47 9604

Ажарлы Астанаға келуді жоспарлап жүрсеңіз сіздің сапарыңызды қызықты әрі жанға жайлы ету үшін бірнеше тиімді шешімдерді топтауға тырыстық. Олай болса біздің ескертпелерімізге назар салыңыз, кәдеңізге жарап қалар.

Астанаға ат басын тіреген мейманның алдынан шығатын бірінші мәселе – баспана.

Қалтаңыздағы қаражатыңызды үнемдеймін десеңіз, ең тиімді шешім – хостелге тоқталу. Мұндай қонысты шаһардың оң және сол жағалауынан да табуға болады. Қонақтарға арналған таза әрі қауіпсіз мекен көбінесе туристердің арасында танымалдылыққа ие.

Астаналық хостелдердегі бөлмелер  4, 8 және 16 орындық болып келеді. Екі кісілік немесе отбасылық бөлмелер де бар. Бағасы арзан қонақ үйлердегі ақымен пара-пар. Хостелдердің қызмет көрсету сапасы қонақ үйлердікінен еш кем түспейді. Хостелдердегі баға тәулігіне 2500-ден басталып, 8000 мыңға дейін барады.

Хостелдерді жалға алғыңыз келсе apartamenty.kz, olx.kz, booking.com. сайттарын парақтаңыз.

Екінші өте өткір мәселе – бір күнге немесе ұзақ уақытқа пәтер жалдау.

Жазғы маусымда шаһарға туристер мен қонақтар ағылатынын ескерсек, жалға алатын баспана мәселесін бұл нарықтың ішкі-сыртқы сырына қанық делдал арқылы шешкен жөн. Әйтпесе қолайлысын іздеймін деп алтын уақытыңыз жоғалтып, жүйкеңізді тозыдырасыз.    

Бір тәулікке жалға алатын пәтерлердің құны 6000 теңгеден басталады. Баспананың бағасы орналасқан жеріне қарай түрленеді.

Пәтер жалдаймын десеңіз krisha.kz. сайтының көмегіне жүгіне аласыз.

Үшінші – қонақ үйге орналасу. «Талғамға талас жоқ» демекші, қалауыңызға қарай қонақ үйге тоқталамын десеңіз таңдау аса жоғары. Бағасы 10 000 басталып, қызмет көрсету сапасына байланысты шарықтай береді. Астаналық қонақ үй бизнесі экономкласстан бастап, 5-жұлдызды қонақ үйлер ұсына алады.    

Алдын-ала бөлме брондаймын десеңіз, booking.com. сайты арқылы жүзеге асыра аласыз.

Десе де ғаламтордағы кез-келген іздеу жүйесінің шапшаңдығы темір жол бекетінің алдында ұшырасатын, қолында «Квартира» деген тақтайшасы бар әжелердің жылдамдығына ілесе алмасы анық.  

Астана қонақтарының алдынан шығатын келесі бір өткір мәселе – транспорт.

Елорда көшелерін аралау үшін қоғамдық көліктер немесе такси сондай-ақ велосипедтердің жалға алуға болады. Жаяу жүрем деушілер үшін де жағдай жасалған. Астананың көшелері жалпақтығымен, кеңдігімен ерекше.

Қоғамдық көлік

Қала ішінде қатынайтын барлық автобустардың бағытымен танысуға Astra Bus қосымшасы мүмкіндік береді.

(Қосымшаны Play Market және Арр Store арқылы жүктеуге болады).

Қазір адамдар 2gis қосымшасын үлкен ықыласпен пайдаланады. Ерекшелігі – сіз бір нүктеден келесі нүктеге жету үшін баратын межелі орынның мекен-жайын терсеңіз, қалай және қанша уақытта жетуге болатынын білуге болады. Тіпті жаяу жүрген жағдайда қанша уақыт жоғалтатыныңыз, қай көшелермен қилысатыны туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар.

Такси

Шаһарда тәулік бойы жұмыс жасайтын такси қызметі көп. Қызмет көрсетудің бұл түріне төленетін ақы 500 теңгеден басталып, баратын жеріңіздің қашықтығына байланысты өсе береді. Десе де, Астана өзге өңірлерге смарт қала ретінде танымал екенін ескерсек, қала тұрғындарының көпшілігі бүгін де таксиді смартфон арқылы шақыруды жолға қоюда. Мобильді құрылғы арқылы такси шақыру үшін Indriver, Яндекс. Такси, Uber сынды ең танымал қосымшаларды пайдалана аласыз.

InDriver — бұл жол ақысын жолаушы «өзі» тағайындайтын жүйе. Мұнда көбінесе баға 300 теңгеден басталады. Ал, Uber қосымшасында жолаушы бағаны жүргізушімен бірге қадағалайды. Бір нүктеден келесі нүктеге жету үшін қанша шақырым жолды артқа тастағаныңызға байланысты жол ақысын төлейді. Сол секілді Яндекc.Такси қосымшасы да дәл осы жүйемен жұмыс істейді.

Велосипед

Жазғы маусымда қалада «Astana Bike» велосипедті жалға беру автоматты жүйесі жұмыс істейді. Маусым бойы артық шығынсыз 30 минутқа дейін қала ішінде қозғала аласыз. Яғни, сапарыңыздың әрбір 30-шы минутында сіз келесі тұраққа жетіп үлгерсеңіз болғаны. Егер уақытынан кешіккен жағдайда қосымша ақы төлеуге тура келеді.

Толығырақ ақпаратты velobike.kz сайтынан алуға болады.

Келесі бір өзекті мәселе – ауқат. Қайдан арзан әрі дәмді тамақтануға болады?

Ел аузында жүрген аңызға сенсек, Астана «жылусыз, жансыз» қала. Көпшіліктің пікірінше баратын жер жоқ көрінеді. Дегенмен де, елорда да әлем астаналарындай түрлі мейрамхана, бар, тіскебасарларымен ерекшеленеді. Мұндағы мейрамханаларда сан түрлі әлем елдерінің асханасын табуға болады. Керуен, Аsia Park, Keruen City, Mega Silk Way сынды ірі сауда ойын-сауық  орталықтарында меймандарға әлем елдерінің дәмін ұсынатын фудкорттар бар.

Тағы бір қызықты дерек шаһарда тағамды жеткізіп беру қызметі бойынша Melamenu атты бірегей қосымшасы жұмыс істейді. Қосымшаны пайдалану үшін қалауыңыздағы тағамды таңдап, мейрамхана немесе дәмхананы анықтап аласыз. Тапсырыс жасап, курьердің келуін күтесіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға