Жаңалықтар

Астанада азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі талқыланды

Азық-түлік қауіпсіздігі
31.10.2016 10:39 7354

Елорда мәслихатының депутаттары қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін және азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру шараларын талқылады.

 Астанада азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі талқыланды

Астана қаласының ауыл шаруашылық басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарымен, алыс және жақын шет елдермен тамақ өнімдерінің жеткізілімдері жолға қойылған. Елордада тауар өндірушілер үшін қаланың ішкі нарығына еркін кіру қамтамасыз етілген, жер телімін бөлу мен өндірістік инфрақұрылымды тартудан бастап, өндірілетін өнімді өткізуге дейін жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың шілде айында Алматы және Қызылорда облыстарынан қант пен күріш өнімдері жеткізілді.

Қазақстан Республикасының 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде «Қуатты өңір - Қуатты Қазақстан» деген ұранмен өңірлер күндері ұйымдастырылды, шара аясында 10 дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.

2016 жылдың сәуір-қазан айларында 75 апта сайынғы жәрмеңке өткізіліп, 1390 тонна өнім, соның ішінде ет өнімдері 321 тонна, 25 тонна сүт өнімдері, 943 тонна көкөніс, 30,5 тонна қант және 43,5 тонна басқа тауарлар сатылды. Астанада қала тұрғындарын тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін агроөнеркәсіп кешенінің 72 субъектісі бар. Соның ішінде ұн тартатын 9 кәсіпорын, нан-тоқаш өнімдерін өндіруші 41 кәсіпорын, шұжық өнімдерін өндіруші - 5, сүт өнімдерін шығаратын бір кәсіпорын, 8 көкөніс қоймасы, бір жылыжай кешені, 2 ауыл шаруашылық тауарларын өндіруші бар. Делдалдардың санын қысқарту мақсатында қалада 5 сауда-логистикалық орталық ашылды.

 

Азық-түлік өнімдерінің бағасы да маңызды мәселе. Бағаларды тұрақтандыру үшін бірнеше облыспен сауда-экономикалық қарым-қатынастар туралы меморандумға қол қойылды, онда өнімдерді өндірушілердің бағасымен сату қарастырылған, деп хабарлады басқармадан.

Сонымен бірге, депутаттар уақытылы қаржыландырмау, өндіріс, азық-түлік өнімдерін өңдеу және сақтау салаларында инвестициялық жобаларды пайдалануға тапсыру мерзімдерін сақтамау, және сапасыз өнімдерді сату азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына алып келетінін айтты.

Отырыстың қорытындысы бойынша ет-сүт өнімдерінің жеткізілімдеріне бақылау жасау, отандық кәсіпорындарды өнім шығаруға және оның сапасын арттыруға ынталандыру шараларын күшейту бойынша ұсыныс-кеңестер берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға