Жаңалықтар

Астанада үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Ақ халатты абзал жандар мерекесі
20.06.2016 04:10 4070

Елордада медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Оқушылар сарайында үздік дәрігерлерге арналған салтанаты шара өткізілді. Қаланың денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан 100 медицина қызметкеріне марапаттар табысталды.

Астанада үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев дәрігерлерді құттықтап, сөз сөйледі.

- Бідің өміріміздегі сиқыршылар – сіздер. Біздің тарапымыздан, мемлекет тарапынан, қала әкімдігімен денсаулық сақтау саласына баса назар аударылады, соңғы уақытта елордада аталған саланың қарқынды дамуы байқалады. Осы күні сіздерге еңбектеріңіз үшін алғыс айтып, төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! – деді Е. Аманшаев.

Денсаулық сақтау саласында көп жылдар бойы табысты еңбек еткені, халыққа сапалы қызмет көрсету жөніндегі мәселелерді шешуге белсенді атсалысқаны үшін үздік медицина қызметкерлеріне «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»,  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, сонымен қатар, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің және елордалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісовтың атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.

Астанада үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Биыл алғаш рет дәрігерлер бес номинация бойынша марапатталды. Әрбір марапаттаудың алдында жиналған қауым дәрігердің қызметі туралы толық баяндайтын бейнеролик тамашалады.

Медицина қызметкерінің асқан шеберлігін атап өтетін «Мамандығына адалдығы үшін» арнайы номинациясында Ольга Замолотова, «Бірегей операция өткізіп, адам өмірін құтқарғаны үшін» номинациясында №2 қалалық аурухана дәрігерлерінің командасы: Марат Жақсылықов, Баймаханбет Садуов, Болатхан Лепесбаев марапатталды.

Мұнымен қоса, «Диагностикалау мен емдеудің жаңа әдісін ойлап тапқаны үшін», «Мамандығына адалдығы үшін – отбасылық әулеттер» номинациялары белгіленді. «Жаңа өмір сыйлағаны үшін» номинациясында Астана қаласының әкімдігі №1 Перинаталды орталығының жаңа туған сәбилерді күту және патологиялар бөлімінің меңгерушісі Ирина Цубенко марапатталды.

Бүгінде Астанада 36 ұйым медициналық қызметтер ұсынады. Соңғы 5 жылда елордада 9 медициналық мекеме салынып, оларда 9 424 медицина қызметкері, соның ішінде 3 202 дәрігер жұмыс істейді. Елордалық клиникаларда емдеу мен диагностикалаудың жаңа әдістері ұдайы енгізіліп отырады, бұған дейін тек республикалық ауруханаларда ғана көрсетіліп келген жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға