Жаңалықтар

Астанада Қызылорда облысының күндері өтеді

Елордаға кім келді?
02.09.2016 11:07 5080

Елордада 3-4 қыркүйек күндері Қызылорда облысының мәдениет күндері өтеді.

Астанада Қызылорда облысының күндері өтеді

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация мүшелері 2 күн қатарынан астаналықтарды Арал ауданының тарихы, мәдениеті және айтулы жетістіктерімен таныстырады.

Бұл күндері елордадағы Б. Момышұлы даңғылының бойында орналасқан Оқушылар сарайының алдындағы аялдамада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Онда жеміс-жидек, көкөніс, балық, ет-сүт өнімдері, бал және кондитерлік өнімдер сатылады.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары Қызылорда облысы өнерпаздарының «Ырысты, күрішті Қызылорда» атты концерттік бағдарламасы мен Ы.Жақаевтың 125-жылдығына арналған «Ақ күріштің атасы – Ыбырай» көрмесін тамашалай алады. Осы жерде «Қазақстанда жасалған» отандық өнімдердің көрмесі де ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, М. Әуезов атындағы қалалық орталық кітапханада «Туы биік, тұғыры берік Сыр елі» атты кітап көрмесі өтеді. Бұл көрменің қонақтары Қызылорда облысының тарихы, мәдениеті және қазіргі даму жағдайымен танысады. Мерекелік шаралар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасады. Мұнда студенттер облыстың қоғам қайраткерлері және танымал адамдарымен кездеседі.

«Барлығы баланың бақыты үшін» деген ұранмен қайырымдылық шарасы да ұйымдастырылады. Облыс әкімі Астана қаласындағы «Балалар қалашығының» тәрбиеленушілерімен танысып, оларға бағалы сыйлықтар табыстамақшы. Ал, Конгресс-холда қызылордалық әртістер «Сыр – Алаштың анасы» концертін қояды. Дәл осы уақытта Конгресс-холдың фойесінде «Тәуелсіздіктің дара жолы – Сыр елі жетістігі» атты фотокөрме өтеді. Көрмеге келген жандар Қызылорда облысының егемен еліміздің дамуына қосқан үлесін суреттерден көре алады.

Сонымен қатар, Ұлттық академиялық кітапханада ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған көрмелер мен экспозициялар, кітап көрмесі ұйымдастырылады. Оқушылар сарайының жанындағы жәрмеңке мен мерекелік концерттер 4 қыркүйек күні жалғасын табады.


Айбота Өтеулі

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға