Жаңалықтар

Астанада «Astana» командасының қатысуымен веложорық өтті

Астанада қазақстандық велоспорттың ғасырлық мерейтойы аясында Конституция күніне арналған мерекелік веложорық өтті.
13.02.2015 05:24 3159

Астанада қазақстандық велоспорттың ғасырлық мерейтойы аясында Конституция күніне арналған мерекелік веложорық өтті. Оған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, «Тур де Франс-2014» турнирінің жеңімпазы, «Астана» велокомандасының капитаны  Винченцо Нибали, велокоманданың бас менеджері, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров пен Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов қатысты.

Астанада «Astana» командасының қатысуымен веложорық өтті

Осы күні жалпы саны 2 200 велошабандоз Салтанат сарайы алдынан бастап «Астана-Арена» стадионының алдында дейін жүріп өтті.  Жолдың қашықтығы 4600 метр болды. Веложорыққа қатысушылар мәреге жеткен соң қала әкімі халықты келе жатқан Конституция күнімен құттықтады.

Ол елімізде бұқаралық спортты, жалпы халықтың дене тәрбиесі және спортпен айналысуына барлық жағдайдың жасалып келе жатқанын, соның бір дәлелі ретінде астанада  «Велобайк» деген жобаны іске асыра бастағанын, «Самұрық-Қазына» компаниясымен бірлесе отырып, Астана әкімдігі қаланың көрікті орындарында 40 велостанса орнатқанын атап өтті. «Болашақта олардың саны 100-ге дейін жетіп, велосипедтердің саны 1000-нан асады. Осының өзі халықтың саламатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етуіне септігін тигізеді деп санаймын», — деді әкім.

Шара барысында Олимпиада чемпионы А. Винокуров қала басшысы И. Тасмағамбетовке «Астана» велокомандасының жейдесін сыйға тартты.

Гүлмира Құдайбергенқызы, веложорыққа қатысушы:

-       Осыдан жиырма жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заң Қазақстан азаматтарының күнделікті өміріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге негізделген құжат. Оның басты көздейтін нысаны – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

 Қол жеткен табыстар Ата Заңы­мыз­дың мықты әлеуетінің дәлелі десек артық айтқандық емес. Тұрақтылыққа, Отанымыздың басты байлығы – тыныштық пен бейбіт өмірге Конституцияның негізінде қол жеткіздік. Осыны түсіне білуіміз қажет. Ата Заңмен өмір сүру – демократияның жарқын көрінісі. 

Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілді. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінді.

Мемлекетіміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың ауқатты тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі - Ата Заңымыздың мерейі әрдайым үстем болсын!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға