Жаңалықтар

Астанада «Жылдың үздік кітабы» анықталады

Астанада «Жылдың үздік кітабы» анықталады
Фото: Pixabay.com 12.04.2023 13:30 1587

Елордада 19-23 сәуір аралығында «Eurasian Book Fair-2023» VI Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесі өтеді. Осыған орай, аталған көрмеге қатысты баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет аталмыш көрменің маңызына тоқталды.

Кітап жәрмеңкесін өткізудің маңызы зор. Біріншіден, әлемдік баспалардың өрісі кеңейіп, Қазақстанға өздерінің үздік өнімдерін ұсынуы. Екіншіден, отандық баспалар тек өз қазанында қайнай бермей, әлем баспаларымен бірге өнімдерін бір жерде ұсынуы арқылы өзара бәсекелестікті арттыруы. Үшіншіден, кітап саласының дамуына үлесін қосуы, – деп атап өтті ол.

Ал ақын Ақберен Елгезек кітап оқу мәдениеті елімізде даму үстінде екенін айтты.

Қазір жастардың ішінде кітап оқу сәнге айналып келеді. Қазақ тілінде кітап оқитындар да көп. «Ешкім кітап оқымайды» деген – ол өзі кітап оқымайтын адамның сөзі. Сондықтан біз бар кітапты халыққа көбірек ұсынып, насихаттауымыз қажет деп есептеймін, – деді.

Сондай-ақ көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы ұйымдастырылады. Үміткерлер «Үздік оқу құралы», «Үздік өлкетану басылымы», «Мәдениет және өнер» сынды түрлі номинация бойынша жеңіске таласады.
«Фолиант» баспасының өкілі Қанат Бейсенғазин кітап жәрмеңкесінен оқырмандар түрлі кітаптарды көре алады дейді.

Биылғы «Eurasian Book Fair-2023» Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесі 6-рет өткелі отыр. Оқырмандар көрмеден отандық және шетелдік керемет туындыларға қол жеткізе алады, – деді ол. 

Көрмеге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, шет мемлекеттерінің елшілері шақырылды. Кітап жәрмеңкесінің ашылу салтанаты 19 сәуір күні сағат 11:00-де EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға