Жаңалықтар

Астанада «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы табысталды

Астанада «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы табысталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 06.12.2023 16:18 920

Астанада Халықаралық волонтерлер күні аясында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Вера Ким, Константин Авершин, мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров, төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, БҰҰ-ның Еуропа және ТМД елдері бойынша еріктілер бағдарламасының өңірлік менеджері Римма Сабаева қатысты.

Халықаралық волонтерлер күні аясында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде үндеу жасады.

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді және қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Волонтерлер қозғалысын белсенді қолдайтын Мемлекет Басшысының бастамасымен 2020 жыл «Волонтер жылы» аталып өтті. Соңғы 3 жылда қабылданған шаралар волонтерлік ұйымдардың 3 есе, белсенді волонтерлердің 5 есе оң өсу серпініне ықпал етті. Елімізде 700-ге жуық волонтерлік ұйым, 1000-нан астам бастамашыл топтар және 1000-нан астам «Күміс волонтер» бар. Осы кезеңде 300 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Волонтерлік қоғамдастық өкілдерінің, бизнес-құрылым өкілдерінің, жастардың қатысуымен волонтерлік қызмет тақырыбы қазақстандықтардың күнделікті өміріне және жаңалықтардың күн тәртібіне енгізілді. Бұған БАҚ-та жарияланған 200 мыңнан астам түрлі материалдар дәлел бола алады,- деп атап өтті өз үндеуінде министр.

Әлеуметтік маңызы бар 15 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Үздік волонтерлік ұйым» номинациясы бойынша «Волонтеры Астаны LIDER.KZ» ҚБ жеңімпаз атанды. 7 жыл ішінде ұйымның волонтерлері құлдықтан 120 адамды қайтарып алып, 2000 адамды іздестірді.  

«Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін» номинациясы бойынша «Зерек» қоғамдық қоры (Түркістан облысы) үздік деп танылды. Сондай-ақ, аталған қор «ТЖ волонтерлігі: Жақсылық жаса» жобасын жүзеге іске асырды.

«Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін» номинациясын Өзбекстаннан келген Жасүрбек Камилов жеңіп алды. Ол «Жақсылық жаса» қайырымдылық тобын ашып, онда халыққа, жалғызбасты қарттарға, аз қамтылған отбасыларға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға көмектесу үшін студенттерді жинады.

«Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 200-ден астам ауқымды іс-шаралар ұйымдастырған «Алтын Адам Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды.

Естеріңізге сала кетейік, «Жыл волонтері» сыйлығы волонтерлер қозғалысын дамытуға және қолдауға елеулі үлес қосқан отандық және халықаралық волонтерлерді көтермелеуге және ынталандыруға бағытталған.

Соңғы үш жылда еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 185 волонтер сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға