Астанада жыл басынан бері 13 бала терезеден құлап қайтыс болған
Астанада балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлау оқиғалары алаңдаушылық туғызып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Биыл жыл басынан бері қалада 52 жағдай тіркелді, нәтижесінде 39 бала жарақат алып, 13 бала қайтыс болды. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Алтынбеков мәлім етті.
Спикердің айтуынша, оқыс жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – терезелерге қорғаныс торлары мен блокаторлардың орнатылмауы, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыру немесе үлкен балалардың қарауына қалдыру.
Ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігі маңызды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, балаларды қараусыз қалдыруға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан ата-аналарды балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу шеңберінде Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Ювеналды полициямен, МИБ төрағалары және еріктілермен бірлесіп елорданың көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде жадынамалар таратып, тұрғындарға қауіпсіздіктің негізгі қағидалары мен балалардың жарақаттануының алдын алуды жеткізе отырып, үгіт-насихат іс-шараларын жүргізуде, – дейді спикер.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта 326 астам көппәтерлі тұрғын үйді аралау жүргізілді, 6330 данадан астам жадынама орналастырылды (әр кіреберісте және лифттерде 1 қабатта), 23 100 тұрғындар түсіндірме жұмыстарымен қамтылды.
Қаланың 142 мектебінде 5360-тан астам оқушыны қамтитын дәрістер, 116 балабақшада сабақтар өткізілді, Whatsapp мессенджерінде ата-аналар чаттары бойынша, сондай-ақ МИБ және ПИК чаттары бойынша ақпараттық жадынамалар таратылды.

