Жаңалықтар

Астанада жолақыны төлеуден жалтарып жүргендер көп – Автопарк басшылығы

Астанада жолақыны төлеуден жалтарып жүргендер көп – Автопарк басшылығы
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 25.07.2024 18:00 606

Биыл елордалық №1 Автобус паркі өзінің 50 жылдығын атап өтеді. Осыған орай автобус паркінің басшылығы БАҚ өкілдері мен блогерлерге арнап, кәсіпорын қызметімен таныстыру мақсатында пресс-тур ұйымдастырды. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі автобус паркінің жұмысымен танысып, кәсіпорынның болашақ жоспарлары туралы біліп қайтты.

Автобус жүргізушісінің жұмыс күні 05:30 бен 07:30 аралығында басталады. Таң атпастан жұмыс орнына келген ол, ең әуелі диспетчерлік бөлімге барып, жүргізуші куәлігін көрсетеді. Сон соң жол қағазын алып, медициналық пункте отырған дәрігердің тексеруінен өтеді. Нарко, алко тексерістерді сәтті өтіп, қан қысымы орынды болса, жолаушыларды тасымалдау мақсатында қалаға қарай бет бұрады.

Астанада жолақыны төлеуден жалтарып жүргендер көп – Автопарк басшылығы

Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

№1 Автобус паркі бүгінде қаладағы жолаушылар тасымалының 70 пайызын қамтамасыз етеді. Ал қала маңындағы жолаушыларды жеткізуге 100 пайыз атсалысады. Жалпы есеппен 47 қалалық, 26 қала маңында қатынайтын автобустар бар.Түңгі уақытта 3 автобус бағдарға шығады.

Бүгінде автопарктің қарамағында мыңнан астам автобус бар. Дәлірек айтсақ, 1035 автобус. Қыркүйек айында тағы 100 автобус келеді. Сонымен 1135 автобус болады. Күнделікті қала бағдарларына 750-800 автобус бағытқа шығып, шамамен 400-450 мың адамды тасымалдайды. Бұл - валидациядан өткен жолаушылар санына сүйене отырып жасалған статистика. Бұл жерде өсімді байқауға болады. Себебі 2023 жылмен салыстырғанда, әлдеқайда жолаушылар санының артқанын көреміз. Мәселен, былтыр 300-320 мың халықты тасымалдасақ, биыл 400-450 мың жолаушыны бір күнде тасымалдап отырмыз,- деп түсіндірді №1 Автобус паркі басқармасының төрағасы Мадияр Тұқпатов.

Ол биылғы жылғы басты мақсат жаңа автобустарды сатып алу деп отыр. Қазір автопаркте 200 автобус болса, жыл соңына дейін тағы 100-ін алу жоспарда бар. Сондай-ақ 2025 жылы қосымша 200-300 автобус алмақ ниетте екенін айтты.

Астанада жолақыны төлеуден жалтарып жүргендер көп – Автопарк басшылығы

Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Жол жүру бағасының өсуіне тоқталып өткен басқарма төрағасы, мұндай шешім қабылдауға жанар-жағармай қымбаттауының да әсері болды деп сендірді.

Мәслихат шешімімен жол жүру ақысы 90 теңгеден 110  теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Соңғы рет жол жүру тарифі 2012 жылы көтерілген еді. Ол кезде жанар-жағармайдың бағасы 110 теңге болатын. Қазіргі таңда солярканың  бағасы - 300 теңге,-деп нақтылады ол.

Сондай-ақ кәсіпорын басшылығы автопарктегі жүргізушілердің төменгі жалақысы 680-700 мың теңге көлемінде деп сендірді. Автобус жүргізушісінің еңбек өтіліне, жасаған жұмысына байланысты жалақы мөлшері де өсіп отырады. Ең көп дегенде 1 миллион, 1 миллион 200 мың теңгеге дейін барады екен.

Астанада жолақыны төлеуден жалтарып жүргендер көп – Автопарк басшылығы

Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Автобус жүргізушілерін қызметке қабылдау процессі де бірнеше кезеңді қамтиды. Ең әуелі тіркеу-емтихан бөлімінде жүргізуші куәлігін алған соң, коммуникация орталығында арнайы оқу курстарын өтеді. Емтихан тапсырып болған соң, міндетті түрде тағылымдамаға бағыт алады. Тағылымдама ұзақтығы әртүрлі: 24, 42 немесе 86 сағатты қамтиды. Емтихан барысында теориялық және практикалық білім деңгейі тексеріліп, тәжірибелі жүргізушіден парктикалық сабақ алады. Айта кету керек, аталмыш автопаркте ғана қала бойынша оқу автобусы бар деседі.

Астанада жолақыны төлеуден жалтарып жүргендер көп – Автопарк басшылығы

Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Осы кезеңдерден сүрінбей өткен кандидат, психологтың алдынан бір-ақ шығады. Себебі жүргізушінің психологиялық жағдайы – ең маңызды фактор. Ол стресске көп берілмей, жылдамдық асыруға құмартпай, қатты күйгелектенбей, сабырлы болғаны жөн. Алматы қаласындағы жүргізуші мен жолаушы арасындағы түсініспеушіліктен орын алған оқыс оқиғадан соң, үміткерлердің психо-эмоционалды жағдайына аса қатты мән берілетіні анықталды. Психолог мамандар конфликтіге бойсұнбай, жолаушылармен ұрыс-керіске бармауға шақырады.

Осылайша, сыннан сүрінбей, іріктеуден өткен жүргізуші автобус тізгініне отырып, қызмет бабына кіріседі.

Егер жұмыс уақытында жүргізуші өзін жайсыз сезінсе, жедел жәрдем қызметкерлері шақырылып, орнына басқа адам келеді.

Кәсіпорын басшыларының түсіндіруінше, бір автобусқа 2 жүргізуші бектіледі. Олар өзара жұмыс кестесінің қалай болатынын алдын ала келісіп алады.

Қызметте 40 жылдық жұмыс тәжірибесі бар мамандар бар. Зейнетке дайындалып жүргендері де қаншама. Жүргізушілердің орташа жасы – 42-43 жас, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Автобус жүргізушілерінің қатарында нәзік жандылар да бар. Олардың саны бүгінде 7-ге жетті. Зейнет жасындағылар мен әйел жүргізушілерге автобус бағыттарының ең жеңілі беріледі екен.

Жүргізушілер көбіне өздері үйреніскен бағыт бойынша қатынайды. Көп ауыса бермейді. Түрлі форс-мажор кезінде қажет болатын резервте тұрғандары да бар. Десе де, кадр тапшылығы әлі де өзекті. Шамамен 100-ге жуық жүргізуші жетіспейді. Бүгінде жұмысқа қабылдау жасы 25-тен 23-ке дейін түсті,-дейді  Мадияр Тұқпатов.

Мекемеде 2020 жылдан бастап жергілікті кәсіподақ жұмыс істейді. Жалақысының 1 пайызын беріп, мүшелікке өткен азаматтар үшін түрлі жеңілдіктер қарасытырылған. Жыл сайын өздері қалаған сауықтыру шипажайларына тегін жолдама алып, материалдық көмек көрсетіледі. Қызметкерлердің салауатты өмір сүру салтын сақтауына қолғабыс ету мақсатында футбол, волейбол алаңдары жалданады. Ай сайын материалдық көмекке 50-60 адам жүгінеді екен.

Жаңа автобустар сатып алған соң, интервал ұзақтығын азайттық. Бұрын 20-25 минут күтетін болсақ, бүгінде күту уақыты 12-15 минутқа азайды. Ойлағанымыз іске асса, келесі жылы бұл межені 7-8 минутқа дейін азайтамыз,-деді Тұқпатов.

Басқарма төрағасының айтуынша, субсидия шығындарды толыққанды жауып отыр. Десе де, жолақысын төлеуден жалтаратын жолаушылардың саны көп. Қазірті таңда 30-40 пайызды құрайды.

Көлік бағдарларын қарайтын CTS мекемесімен бірігіп жұмыс жүргізудеміз. Бізде басқару желісінің қызметі деген мамандар бар. Біздің паркте олардың саны -150. 1-2 айдың көлемінде 200-ге жеткізу мақсаты тұр. Осы кісілердің арқасында табыс тауып отырмыз дей аламын,-деді ол.

Түнгі автобустар - әлеуметтік мәселені шешетін бағдар. Бас қала болған соң, осындай автобустарды жіберу шешімі қабылданған. Түнде жүретін 3 бағдар бар. Екі автобустан 6 автобус қатынайды.

2019 жылдан бері осы автопаркте жұмыс істеп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды. Қиын емес. Екі күн істеп, бір күн демаламын. Автобустардың дені -  жаңа. 3 күн бұрын тағы да жаңа автобус берді. 35, 36 автобус бағыттарында жүремін. Қазір 60 автобус бағдарында жолаушыларды тасымалдап жатырмын. Жолаушылар көп болады. Жолақасын төлемейтіндері де, ұрысуға бейімдері де бар. Күніне 1000-1500 адамды діттеген жерлеріне жеткізесің. Арасында түсіністікпен қарайтындары жоқ емес.Конфликт кезінде өзімді  сабырға шақырып, ұрыс-керіске берілмеуге тырысамын,-деді автобус жүргізушісі Мейрамбек Жүндебаев.

Ұзақ жолдан соң жүргізушілер автопаркке қайтып, мединицалық тексерістен өтіп, автобусты жууға тапсырып, келесі күнгі кезекшілігін біліп, жұмыс күнін аяқтайды.

Кәсіпорын басшылары болашақта цифровизацияға бет бұрып, бүгінгі жұмыс барысын біршама жеңілдетуді мақсат етіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға