Жаңалықтар

Астанада жоғары білім және ғылым форумы өтті

Астанада жоғары білім және ғылым форумы өтті
Фото: primeminister.kz 24.08.2023 19:31 1158

Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің экономикалық өсуінің негізі ретінде адами капиталды дамытуға арналған жоғары білім және ғылым форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форум білім және ғылым саласының қызметкерлерін, ЖОО және ҒЗИ өкілдерін, Қоғамдық кеңес мүшелерін, жас ғалымдар мен студенттерді, шетелдік және отандық сарапшылардың басын қосты.

Форумның пленарлық отырысын ашқын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов шараға қатысушыларды видео арқылы құттықтап, елдің экономикалық өсуі үшін жоғары білім мен ғылымды дамытудың маңыздын атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, ғылым мен жоғары білімнің даму мәселелері Мемлекет басшысының – жіті назарында. Сондай-ақ алдымызда ғылым саласын қайта қарау міндеті тұр. Осы бағытта ғылымды басқарудың жаңа моделіне көше бастадық», — деді Премьер-Министр.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жоғары білім мен ғылымның елдің инновациялық дамуы мен ел жастарының кәсіби дағдыларын арттырудағы маңызына тоқталды.

«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жоғары білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ жекелеген проблемалар мен негізгі мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдады. Шетелдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашып жатырмыз. Бұл білім сапасын арттыруға, тәжірибеме бөлісіп, еліміздің жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған», — деді Тамара Дүйсенова.

ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түрлі университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықтың маңызы туралы айтып, сондай-ақ әлемге танылған табысты жобалардың мысалдарын келтірді.

«2023-2025 жылғы ғылым саласының жалпы бюджеті 3,5 есе өсіп, 643 млрд теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында ғалымдардың мәртебесін көтеру және кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ғалымдардың жалақысы 2 есе өсті. Орташа жалақы – 257 мың теңге, ең жоғарысы 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Заңнаманы жетілдіру және ғылымды бюрократиядан арылту шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, экономиканың стратегиялық салалары бойынша ғылыми-технологиялық дамудың жол карталары қабылданды», — деді министр.

Сонымен қатар форумда Heriot-Watt University проректорының орынбасары (академиялық басшылық), Tadhg O'donovan, Қазақстандағы De Montfort университетінің президенті Sakina Zafar, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.

Жоғары білім және ғылым форумы – Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды оқиға. Ол диалог алаңы бола отырып, тәжірибе алмасуға және жаңа даму стратегияларын дайындауға мүмкіндік береді. Форумда ұсынылған идеялар мен кеңестер Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласындағы ұстанымдарын нығайтуға ықпал етпек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға