Жаңалықтар

Астанада жоғары білім саласында академиялық адалдық туралы семинар өтті

Астанада жоғары білім саласында академиялық адалдық туралы семинар өтті
Фото: ©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 15.03.2024 11:05 979

Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жоғары оқу орындарының өкілдері үшін «Заң және Тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған «Академиялық адалдық – жоғары білім сапасын қамтамасыз ету факторы ретінде» тақырыбында семинар өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шарада алғаш болып сөзді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбаева бастады. Ол бүгінгі семинарда көтеріліп отырған тақырыптың маңыздылығына тоқталды.

Бұл семинардың тақырыбы өте өзекті. Себебі күні бүгінге дейін әлі шешімін таппаған бірқатар мәселе бар және олар талқылауды қажет етеді. Өздеріңіз білесіздер, министрлік бұл бағытта біршама құжаттарды қабылдады. Семинардың негізгі қорытындысы ретінде нақты ұстанымдарды, ұсыныстарды күтеміз, – деді комитет төрағасының орынбасары.

«Академиялық адалдық – нормативтік қамтамасыз ету аспектілері» баяндамасымен Білім және ғылым министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Сыртқы бағалау және талдау департаментінің басшысы Қарлығаш Сәкенова академиялық адалдықты сақтамаған докторантураның білім алушыларына докторлық диссертацияны қорғауға рұқсат етілмейтінін айтты.

Академиялық адалдық принципін бұзған докторанттарға PhD доктор дәрежесі берілмейді. Сондай-ақ докторлық диссертацияны қорғауға толыққанды тыйым салынады. Өкінішке қарай, 2023 жылдың қорытындысы негізінде 8 диссертациялық жұмыс бойынша осындай шешім қабылданды, бір диссертациялық кеңес жабылды, – деді Қарлығаш Сәкенова.

Жиынға қазақстандық жоғары оқу орындарының 100-ден астам өкілі, оның ішінде оқу ісі жөніндегі проректорлар, оқу ісі жөніндегі басқарма басшылары және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Maqsut Narikbayev University провосты Сергей Пен студенттердің академиялық адалдығының негізгі принциптері туралы айтты. Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің бас директорының кеңесшісі Ольга Яновская жоғары білім сапасы мен академиялық адалдығын қамтамасыз ету мәдениетін ілгерілету тақырыбында қызықты баяндама жасады. Семинар барысында сондай-ақ Х.Досмұхамедов Атырау университетінің проректоры Асхат Чукуров магистрлік диссертацияны қорғау барысында академиялық адалдықты сақтау мәселелері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова академиялық адалдықты сақтау жолындағы заманауи тәсілдер және жасанды интеллект дәуіріндегі академиялық адалдық тақырыбында баяндама жасады.

Ұсынылған баяндамаларды талқылау нәтижелері бойынша семинарға қатысушылар қазақстандық жоғары оқу орындарына: студенттер, профессорлық-оқытушылық құрам және университет қызметкерлері арасында құқық бұзушылықтың барлық түрлеріне ымырасыз қатынасты және заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, күнделікті өмірде адалдықты дамыту, сонымен қатар Академиялық адалдық кодексінің қағидаларын қатаң сақтауға ерекше назар аударуды ұсынды. Сарапшылардың ұсыныстары жоғары білім беру жүйесінде «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға