Жаңалықтар

Астанада жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды

Астанада жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 06.07.2024 14:15 760

Астанада «Байрағы биік байтағым» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Салтанатты рәсімге Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов, сондай-ақ ақындар, жазушылар және елорда тұрғындары қатысты.

12 жыл қатарынан дәстүрлі түрде жыл сайын елорда күнін тойлау аясында осы шараны ақиық ақынымыз, аудармашы, журналист Несіпбек Айтұлы ағамыз өткізіп келген еді. Игі дәстүрді биыл да жалғастыруды жөн көрдік. Осы орайда жауапкершілігі мол істі халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы жалғастырып отыр. Бүгін рухани кештің куәсі болып отырмыз. Қаламдарыңыз ұштала берсін! Елорда күні құтты болсын!, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Мүшәйраға елорда күні мен Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған өлең, толғау, баллада, поэма жазған ақындар қатысқан. Ал қаламгерлердің жасына шектеу қойылмаған.

Бүгінгі іс-шараның – маңызы ерекше. Қазақтың жыр жарысы – ұлттық салт-дәстүрімізді танытатын өнердің ерекше қайталанбас бөлігі. Жыр жарысы – қазақ халқының табиғи болмысында, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде ежелден бар, қанымызға сіңген дүние. Сондықтан бұл – жүрек қалауы. Ол біздің халықпен бірге өмір сүріп келеді. Өнер – ұлттың жаны. Сондықтан жанның рахатын іздеген өнерсүйер қауымның қатары жылдан-жылға арта берсін! Өнер саласында қызмет етіп жүрген жандарға Отанымыздың игі жолында атқарып жатқан еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов.

Байқау шарты бойынша бәйгеге қатысатын шығарма еш жерде жарияланбаған, еш әдеби байқауларға қатыспаған, баспадан шықпаған болуы қажет.

Әділқазылар келіп түскен шығармалардың көркемдік деңгейі, тарихты қаншалықты білетіндігі секілді т.б. критерийлер бойынша бағалаған.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 12 млн теңге. Мұнда бас жүлдеге – 3 млн теңге, 1-орынға – 2 млн теңге, 2-орынға – 1 млн теңге, 3-орынға 600 мың теңге берілді. Сондай-ақ, олар 7 арнайы сыйлық – 300 мың теңгемен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға