ТЖМ баспасөз қызметі

Астанада жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Астананың «Үркер» тұрғын алабында №25 жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.  

Бұл оқиға Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау жүйесін нығайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы кезекті жұмысы болып отыр. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, азаматтық қорғау ардагерлері, елордалық ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысқан.

Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа өрт сөндіру бөлімдері салынып, жұмысын бастауда. Бұл мемлекеттің азаматтық қорғау инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып, құтқарушыларға заманауи қызмет ету жағдайын жасап, халыққа жедел көмек көрсетуді қамтамасыз етіп отырғанының айқын дәлелі», – деп министр Шыңғыс Әрінов атап өтті.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі 2,7 гектар аумақта жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен бой көтерді. Екі қабатты ғимаратта екі шығуға арналған бокс, қызметтік кабинеттер, мәжіліс залы орналасқан. Құтқарушыларды даярлау үшін оқу мұнарасы мен спорт алаңы қарастырылған, бұл олардың кәсіби және дене дайындығын жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік бермек. №25 өрт сөндіру бөлімі «Үркер» тұрғын алабындағы 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.