Астанада «Жаңа дәуір-жаңа медиа» апталығы басталды
Елордада Astana Media Week-2022 апталығы басталды, деп хабарлайды El.kz
Жылдағы дәстүр бойынша алтыншы жыл қатарынан «Қазмедиа Орталығы» телерадиокешені тәжірибе, идея мен нәтиже алмасу үшін отандық БАҚ-тарды, халықаралық сарапшыларды жинап отыр.
Жылдың басты тақырыбы - «Жаңа дәуір-жаңа медиа».
Бүгін бірінші күні Astana Media Week қатысушылары Орта Азия БАҚ өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге арналған тақырыптарды қозғайды.
Пленарлық сессияның алғашқы отырысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының болашақ басшысы Анастасия Панина қатысты.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі пандемиядан кейінгі медиа саласындағы ауқымды іс-шараның бірі екенін атап өтті.
«Қазіргі кезең — ақпарат заманы. Интернет кеңістігі және жаңа технологияның арқасында ақпарат алу жылдамдығы қарқынды дамып отыр. Яғни, азаматтық журналистиканың маңызы зор. Интернет пайдаланушылардың саны 200 миллионға өскен. Осы статистикадан шығатын қорытынды, әлем халқының жартысынан астамы телефонға телміріп, желілерді пайдаланатыны белгілі болды», — деп ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі пленарлық отырыстың шымылдығын ашып берді.
Пленарлық сессия отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрліктің негізі бағыты кадр тапшылығын жою екендігін айтты.
«Елімізде 24 ЖОО негізінде журналистика және медиа мамандарын даярлауда. Қазіргі таңда оқып жатқан студенттердің саны —4588. Негізгі мәселе - журналистика саласына қатысты бағдарламалардың аз болуы. Бұл мәселе жыл сайын көтерілуде», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.