Жаңалықтар

Астанада жағдайы төмен отбасы балаларына 41 мың теңгеден беріледі

Астанада жағдайы төмен отбасы балаларына 41 мың теңгеден беріледі
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 01.08.2023 17:28 1260

1 тамызда елордада дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Атап айтқанда, АӘК алуға құқығы бар отбасынан шыққан балалар, АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасы балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, ТЖ салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасы балалары және қиын жағдайға тап болған отбасылар, оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасыларға мектепке қажетті жабдықтар мен киім үшін ақшалай көмек көрсетіледі.

Биыл Астана бойынша 22 700 балаға көмек көрсетіледі. Оның бірінші бағытында бюджет есебінен 14 200 балаға көмек беріледі. Ол көмекті алу үшін ата-аналар мектепке барып өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет. Несие қарызы жоқ және бұғатталмаған банк карточкасының 20 таңбалы нөмірін ұсыну керек). Аталған отбасы балаларына жалпыға міндетті оқу қорынан 41 мың теңге беріледі. Бұл - балаларды мектепке дайындауға арналған қаражат. Ата-аналардан берілген қаражатты тиісті мақсатта балаларға жұмсауын сұраймыз, - деді қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Астана коммуникациялар орталығында.

Білім басқармасы осы мәселе бойынша білім беру ұйымдарының басшыларымен түсіндіру жұмысын жүргізген.

Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептер әкімшіліктері халықтың мұқтаж санаттарының тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.

«Ал екінші бағытта «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілік қаражат есебінен әлеуметтік осал санаттағы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарлануда. Акция 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жоспарланған. Материалдық көмекті көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ала алады. Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, ата-аналар мектепке растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Қандай құжаттарды тапсыру керектігін мектептер түсіндіреді», - дейді басқарма басшысы.

Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымдарында «Жедел желі», «Сенім» телефондары (55 69 60, 55 68 51) және қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға