Жаңалықтар

Астанада Өзбекстаннан келген делегациямен кездесу өтті

Астанада Өзбекстаннан келген делегациямен кездесу өтті
27.11.2018 07:43 1775

Бүгін Астана қаласындағы Достық үйінде Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловтің жетекшілігімен Өзбекстаннан елімізге арнайы сапармен келген делегациямен кездесу өтті.

Кездесуді Қазақстанда тұрып жатқан өзбек этностарының мәдениетімен таныстыру мақсатында Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өзбек этномәдени орталығы ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божко, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Аманшаев, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Л. Құсайынова, Астана қаласының өзбек этномәдени орталықтарының төрағалары, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Достық үйіне ат басын тіреген делегацияны өзбек этномәдени орталығының «Зие» жексенбілік мектебінің оқушылары ән-бимен қарсы алып, балалық ыстық тілектерін білдірді.

Қонақтарға Достық үйінде орналасқан этномәдени орталықтардың бөлмелері көрсетіліп, өзбек ұлттық тағамдарынан ауыз тигізді.

Кездесу барысында қос тарап жиын өткізіп, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев: «Бүгін Достық үйіне Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов келіп отыр. Бұған дейін Өзбекстан делегациясымен қала әкімі Бақыт Сұлтанов кездескен болатын. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастыққа қатысты мәселелер талқыланды.

Жаңа ғана спикер Астана қаласының өзбек этномәдени орталықтың жұмысымен танысты. Бұл орталық алғашқылардың бірі болып құрылған болатын.

Бүгінгі таңда бұл ең белсенді жұмыс істеп отырған орталық болып табылады. Олар Астанада өтіп жатқан барлық іс-шараларға үздіксіз қатысып, елдің рухани құндылықтарын асқақтатып жүр.

Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы жанынан екі шығармашылық ұжым: «Пойтахт» вокалды-аспаптық ансамблі және «Астана Ғунчалари» би ансамблі құрылып, қазіргі уақытта республикалық және қалалық деңгейдегі дипломдар мен грамоталармен марапатталған шығармашыл ұжым.

2017 жылы орталық жанынан мемлекеттік қолдау көрсетіліп отырған «Зие» жексенбілік мектебі құрылды. Мектеп Астана қаласындағы № 53 мектеп-лицейінің базасында орналасқан. Онда әртүрлі жастағы балаларға өзбек тілі мен мәдениеті оқытылады.

Сонымен қатар орталықта «Астана Ешлари» жастар қанаты құрылған. Оның құрамына елордалық студенттер мен оқушылар бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен орталық қайырымдылық іс-шараларына жиі қатысып отырады.

Сіздерге біздің Достық үйіне келіп, этномәдени орталықтардың жұмысымен таныс болғандарыңызға зор алғыс білдіреміз», – деді.

Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Н. Исмоилов өз кезегінде: «Біз қала әкіміне ыстық ықыласпен қабылдағаны үшін алғыс айтамыз.

Мені Қазақстанда тұрып жатқан өзбек бауырларымыздың осындай ортада өмір сүріп жатқаны қуантады. Мәдениетіміз бен тілімізді ұмытпай, оларға қамқорлық жасалып отырғаны – жанды сүйсіндіреді» деп, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Астанада, жалпы Қазақстанда тұрып жатқан өзбек этностарына барлық жағдай жасалған. Біздің ұлт өкілдері мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқарып, Отанымыздың өркендеуіне аянбай үлес қосып отыр. Жастарымыз ЖОО білім алып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Шығармашылықпен айналысатын өкілдерімізге мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отырады. Балаларымыздың өз ұлтының тілін, мәдениетін, тарихын оқып, үйренуі де қамтамсыз етіліп отыр», – деді Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов.

Кездесу соңында қос тарапқа да естелік сыйлықтар тарту етілді.  

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға