Астанада Virtus 2025 әлем чемпионаты басталды
Бүгін Астанада дамуында зияткерлік кемістігі бар спортшыларға арналған Virtus 2025 әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Дәулет» теннис орталығында ұйымдастырылған шарада елдің спорт саласындағы айтулы тұлғалар, шетелдік делегациялар мен жанкүйерлер бас қосты.
Virtus чемпионаты Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Бұл – зияткерлік дамуында ерекшелігі бар спортшылар үшін теннис бойынша ең жоғары деңгейдегі халықаралық турнир. Биылғы додаға 8 елдің өкілдері қатысуда: Бельгия, Австралия, Польша, Италия, Ұлыбритания, Үндістан, Франция және Қазақстан.




Суреттер: Ажар Лаубаева
Чемпионат үш санат бойынша өткізіледі: жеңіл ақыл-ой кемістігі (II1), Даун синдромы (II2) және аутизм спектрінің бұзылуы (II3). Жарыстар жекелей, жұптық және командалық форматта өтеді.
Салтанатты ашылуда «Зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ президенті Дина Темірғалиева сөз сөйледі.

Сурет: Ажар Лаубаева
Астанада Virtus әлем чемпионатын өткізу – тарихи оқиға. Азия құрлығында алғаш рет дәл осы Қазақстан мұндай ауқымды турнирді қабылдап отыр. Бұл еліміздегі инклюзивті спортты дамыту жолындағы үлкен жетістік. Бүгінгі чемпионатқа Қазақстан бойынша ойыншылар үш қаладан, Астана, Алматы және Ақкөлден келді. Барша қатысушыларға алдағы ойындарда сәттілік тілеймін, – деді.
Ал Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев елімізде инклюзивті теннистің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айтты.

Сурет: Ажар Лаубаева
Мемлекетімізде ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті арқасында инклюзивті спорт жоғары деңгейде дамуда. Бүгін Virtus 2025 әлем чемпионаты бірінші рет Азия құрлығында өтіп жатқанына қуаныштымыз. Біз үш жылдың ішінде біраз жетістікке жеттік. Сегіз қалада арбадағы теннистік секциялар ашылды. Рейтингке қарайтын болсақ, былтыр арбадағы тенис бойынша бір ойыншы үздік жүздікке, екінші ойыншы екі жүздікке кірді, – деді ол.
Қазақстандық «Қамқор» командасының ойыншысы Станислав Сигарев чемпионатқа дайындығы туралы айтты.
Командамызда 5 ойыншы бар. Біз чемпионатқа қатысу үшін арнайы Ақкөл қаласынан келдік. Біраз қобалжып тұрмыз, бірақ қолдан келгенше еліміздің намысын қорғауға тырысамыз. Жеңіске жетеміз деп үміттенемін, – деді ол.
Чемпионат 10 мамырға дейін жалғасады. Астана тұрғындары мен қала қонақтары әлемдік деңгейдегі жарыстарды тамашалап, спортшыларға қолдау көрсете алады.

