Жаңалықтар

Астанада вандалдарды жазалау жалғасып жатыр

Астанада вандалдарды жазалау жалғасып жатыр
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 21.11.2024 19:08 484

Астанада вандализм актілері мен қоғамдық тәртіпті бұзушылықтардың жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Полицейлер кезекті вандалдарды тауып, жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің мәліметінше, 12 қараша күні кешкісін университет ғимаратында ашуға булыққан 32 жастағы ер адам ағаш есікті ұрып, зақымдаған. 17 қарашаға қараған түні 37 жастағы азамат полиция ғимаратында кезекші бөлімде қолымен терезені сындырған.

Ал 18 қараша кешкісін 42 жастағы азамат біреудің көлігіне зақым келтірген. Бірнеше сағаттан кейін 36 жастағы басқа адам мас күйінде басқа ауданда да көлікті зақымдаған. Олардың барлығы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 147-1-бабы), ондағы залал 200 АЕК немесе 690 мың теңге сомасынан аспайды.

Жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау. Жыл басынан бері сот 270-тен астам адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды. Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі, - деп жазылған Астана әкімдігі таратқан ақпаратта. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға