Жаңалықтар

Астанада үздік дәрігерлер салтанатты түрде марапатталды

Астанада үздік дәрігерлер салтанатты түрде марапатталды
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 11.07.2023 14:15 807

Nomad City Hall театрында елордалық денсаулық сақтау саласының 25 жылдық мерейтойы мен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Салтанатты жиын Астанадағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы бейнекөрініспен басталды. Сандық деректерге сәйкес, соңғы 10 жылда елордада туу көрсеткіші 41 пайызға артып, астаналықтардың жалпы саны 2 есеге өсті. Туберкулезден болатын өлім 13,1 пайызға кемісе, қатерлі ісік өлім-жітімі 3 есе төмендеді. Сондай-ақ, жазатайым оқиғалар мен уланудан болатын өлім-жітім 16,7 пайызға азайған. Астанадағы медицина ұйымдарының саны 38-ден 314-ке дейін артты. Соңғы 2 жылда кеш қызмет көрсетілген жедел жәрдем шақыруларының үлесі 8,1 пайыздан 4,1 пайызға дейін төмендеді. Бүгінде елордада материалдық жарақтандыру 95 пайызды құрайды.

Ақ халатты абзал жандардың баға жетпес еңбегін насихаттауды мақсат еткен жиынға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қатысып, барша жиналған медицина қызметкерлерін құттықтады. 

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен және қалалық денсаулық сақтау жүйесінің 25 жылдығымен құттықтаймын. 25 жылда елордада денсаулық сақтау саласы қарқынды дамыды. Туу көрсеткіші өсіп, елордалықтардың өмір сүру ұзақтығы артты. Мұның барлығы ақ халатты абзал жандардың еңбегінің арқасында деп білемін. Сіздер күн сайын адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын қалпына келтіруге көмектесіп келе жатырсыздар. Маңызды әрі өлшеусіз еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің ерлігі ең жоғары мақтауға лайық, – деді қала әкімінің орынбасары.

Ізінше Ерлан Бекмұрзаев бірқатар қызметкерге қала әкімі мен орынбасарының Алғыс хатын табыстады. Одан кейін ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі  Тимур Сламжанұлы министрлік атынан бірқатар елордалық ақ халатты абзал жандарды төсбелгімен марапаттады.

Марапаттау рәсімінен кейін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Тимур Мұратов елордадағы медицина саласының жетістіктері туралы айтып, бір топ әріптесіне өз атынан Алғыс хат тапсырды.

Жиын барысында 8 номинация бойынша осы жылдың ең үздік мединица қызметкерлері мен медицина ұжымдары марапатталды.

Биылғы «Үздік МСАК ұйымы» номинациясы бойынша №2 қалалық емхана жеңімпаз атанды. №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Гүлнәр Кулушеваға «2023 жылдың тиімді менеджері» номинациясы берілді. №3 бригада ұжымы «Үздік жедел медициналық жәрдем бригадасы» жүлдесін жеңіп алды. №2 қалалық көпбейінді аурухананың дәрігері Руслан Хасенов «Үздік хирург» номинациясына ие болды. Ал №3 қалалық емхананың қызметкері Гүлбану Бейсембаева «Үздік фармацевт» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Үздік акушер-гинеколог» номинациясының иегері  №2 қалалық көпбейінді аурухананың дәрігері Ольга Васьковская болды. №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қызметкері Айгүл Садуақасова «Үздік орта медицина қызметкері» номинациясына ие болды. Ал 2023 жылдың «Үздік жалпы практика дәрігері» деп  №13 қалалық емхананың дәрігері Жанат Мұратқалиева танылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға