El.kz

Астанада тұңғыш рет «Қазақша Quiz - Ел Чемпионаты» мәресіне жетті

12.08.2025 12:29

Қазақ тілінде өткізілген ауқымды интеллектуалдық дода – «Қазақша Quiz — Ел Чемпионаты» өз мәресіне жетті. Жобаны Қазақстан Зияткерлік Сайыстар Қауымдастығы ұйымдастырды.

Чемпионат 2025 жылдың ақпанында басталып, еліміздің 10 қаласында – Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Қостанай, Қызылорда, Семей, Орал, Өскемен және Ақтөбе қалаларында бір мезетте іріктеу ойындары өтті. Оған 176 команда және 1000-нан астам ойыншы қатысты.

Әр қалада үздік үштік анықталып, жалпы рейтингке енген командалармен бірге 37 команда финалға жолдама алды. Финалдық ойын 9 тамыз күні Астанада өтті. Қатысушылар әр турда білімдерін, логикалық ойлау қабілетін және командалық үйлесімділігін сынап, тартысты бәсекеге түсті.

Жүлде қоры:

    1 орын – 350 000 теңге – «Осылай боп қалды» командасы

    2 орын – 200 000 теңге – МНК  командасы

    3 орын – 150 000 теңге – Brainstorm  командасы

    4–8 орын – әрқайсысына 60 000 теңгеден

Жобаның мақсаты – қазақ тіліндегі зияткерлік кеңістікті дамыту, білімді, мәдениетті және бәсекеге қабілетті жастар мен ересектерді біріктіру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қазақша Quiz» жыл сайын өтетін дәстүрлі додаға айналып, алдағы уақытта қатысушы қалалар саны артады.