Жаңалықтар

Астанада төрт мектеп ашылды

Астанада төрт мектеп ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі 31.08.2023 17:25 1092

Астанада жаңа оқу жылында жалпы саны 16 мың 600 оқушыға арналған 11 мектеп ашылады. Олардың 4-еуі есігін айқара ашты. Бұл туралы Елорда әкімдігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірқатар мемлекеттік және жеке мектепті аралап шықты.

Мәселен қолданыстағы № 59 мектеп-лицейінің аумағында 1200 оқушыға арналған ғимарат (2 ауысымды) салынды. Оқу орны Есіл ауданында (Сауран көшесі, 5/1) орналасқан. 5 жылдан бері бұл мектепте оқыту жүйесі үш ауысымды болды. Жаңа корпусты салу есебінен үш ауысымды оқыту мәселесі шешілді.

Сол сияқты елорда әкімі мен министр №55 орта мектепте болды. Мұнда күрделі жөндеу және абаттандыру жұмысы жүргізілді.

Қала бойынша барлығы 50-ге жуық білім беру нысанында (мектептер, балабақшалар, колледждер) күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары тағы 24 мектеп салынады. Жаңа форматтағы мектептер 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді.

Мектептердің құрылысына жеке инвестициялар да тартылып жатыр. Сонымен, жаңа оқу жылының басында бірқатар мектептер, соның ішінде «Spectrum», «Riviera International School by Quantum» халықаралық мектептері есігін айқара ашты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға