Астанада «Толағай» алыптар сайысы өтеді
Мемлекеттік рәміздер күніне орай, 2 маусым күні елордадағы «Астана Триатлон» саябағында «Толағай» алыптар сайысы өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлы даланың батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілетін турнирге білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай елордалық спортшылар бақ сынай алады.
Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түседі, - деп жазылған хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыс қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Астана қаласы бойынша іріктеу кезеңі болып саналады. Яғни, бес сайыстың қорытындысы негізінде анықталған үздіктер алдағы республикалық турнирде бақ сынайды.
Жарыстың ашылу салтанаты 2 маусым күні сағат 16.00-де, қатысушыларды тіркеу жарыс күні сағат 14.00-ге жоспарланған.
Айта кетейік, жалпы жүлде қоры бір миллион теңгені құрайтын турнир Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорда төрінде екінші мәрте өтеді.