Ақорда

Астанада Telegram-ның жаңа зертханасы іске қосылады – Павел Дуров

02.10.2025 11:49

Telegram негізін қалаушы әрі бас директор Павел Дуров Digital Bridge 2025 форумында сөз сөйлеп, жасанды интеллекттің қоғамға әсері мен жаңа жобалар туралы айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның сөзінше, жасанды интеллект алдағы жылдары адамзат өмірінің барлық саласын өзгертеді:

Бұл технология қоғам құрылымын түбегейлі өзгертеді. Әрине, оған қорқынышпен де, сеніммен де қарауға болады. Бірақ мен бизнес көшбасшыларымен, үкімет және университет өкілдерімен сөйлесе отырып, көбірек үміт пен шабытты көремін. Жасанды интеллект бізге көптеген сын-қатер тастайды, бірақ солардың көбін ЖИ-дің өзі арқылы шешуге болады. Бұл молшылық пен мүмкіндіктердің алтын ғасыры болмақ. Ол үшін біз аянбай еңбек етіп, ойға да, қаржыға да мол инвестиция салуымыз қажет, – деді Павел Дуров.

Қазақстандағы жаңа Telegram зертханасы

Кәсіпкер Қазақстанда өткен жылы ашылған Telegram-ның алғашқы өңірлік кеңсесінің нәтижелеріне тоқталды.

Біз Қазақстанда алғашқы аймақтық офисімізді ашқан едік. Қазір оның оң нәтижесін көріп отырмыз. Бүгін осы жерде, ALEM-AA ғимаратында Telegram-ның жаңа зертханасы іске қосылатынын жариялауға қуаныштымын. Зертхананың алғашқы жобасы – Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластерінің бірлескен жұмысы болады, – деді ол.

Дуров соңғы айларда Telegram жаңа технологияны әзірлеп жатқанын айтты. Ол блокчейн мен жасанды интеллектті біріктіретін шешім болмақ.

Бұл жүйе миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын орталықсыздандыру компьютерлік жүйесі арқылы қолдануға мүмкіндік береді. Telegram-дағы мини-қосымшалар алғашқы пайдаланушылардың бірі болады. Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері осы технологияның алғашқы қуат көзіне айналады, – деді ол.

Кәсіпкер жаңа жобаның үш негізгі принципін атап өтті: ашықтық, тиімділік және құпиялылық

Дуров Telegram-ның Қазақстанда деректер орталықтары мен телекоммуникациялық жүйелер арасындағы байланыс мүмкіндіктерін кеңейткенін де айтты.

Былтыр біз Telegram мен қазақстандық дата-орталықтар арасындағы қосылымды күшейттік. Бұл 12 миллионнан астам қазақстандық пайдаланушы үшін қосылу жылдамдығын арттырып, қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл алғашқы қадам ғана. Алда одан да ауқымды жобалар күтіп тұр, – деді ол.

«Мақсатымыз – миллиард адамға ЖИ-ді қолжетімді ету»

Сөзін қорытындылаған Павел Дуров Telegram-ның болашақ миссиясын бөлісті:

Біз бірге миллиард адамға жасанды интеллектті ашық, тиімді және құпия түрде қолдануға мүмкіндік бере аламыз, – деді ол.