Жаңалықтар

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды
Фото: коллаж El.kz 16.07.2024 18:30 721

Ұлттық статистика мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 73 театр жұмыс істейді. Оның ішінде 39 – драма, 11 – қуыршақ, 7 – жас көрермен театры, 4 – музыкалық комедия, 4 – опера және балет, 8 – басқалары.Театрлар саны бойынша бірінші орынға 23 театрмен Алматы қаласы жайғасты. Екінші орында – 9 театры бар Астана, одан кейінгі орында – 6 театры бар Шымкент қаласы тұр. Жақында ғана қазақстандық театрлар 2024 жылдың I жартыжылдық театр маусымын бірқатар премьералармен және танымал қойылымдармен қорытындылады. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі Астана қаласында орналасқан театрлардың жабылу маусымына шолу жасады.

«Жастар» театры

«Жастар» театры 17-ші маусымын 3-4 маусым айында Дәурен Серғазиннің «Пранк Махаббат» комедиясымен аяқтады.

Маусым ашылуынан қыркүйек айынан бері сахналанған қойылымдар саны – 174. Ал осы жылы қаңтар айынан бастап көрсетілген қойылымдар саны – 125.

Биылғы жылы театрдың өзінде 4 премьера, ал театрға қарасты инклюзивті Қанаттылар театры бөлімінде 3 премьера сахналанды. Олар:

Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» драмасы. Қоюшы режиссер – Нұрфат Вахитов.

Ш. Айтматов («Жан пида», «Жан азабы», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме»), О.Бокей («Жетім бота»), Р.Муканова  («Мәңгілік бала бейне») қойылымдарынан құралған «Жан пида» спектаклі.

А.Исмаилдың «Сүйікті етші, сүйіктім» қойылымы. Қоюшы режиссері – ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Нурфат Вахитов.

Л.Толстойдың «Буратино» ертегісі. Қоюшы режиссері  – Нұрқанат Жақыпбай.

Қанаттылар инклюзивтік бөлімі:

А.Ермаханованың «Екі тағдыр – бір өмір» автобиографиялық драмасы. Қоюшы режиссері – Сүндет Сәрсен.

Б.Диханның «Арман» музыкалық спектаклі. Қоюшы режиссері  – Б.Дихан.

Б.Мұқай «Алло, бұл кім?» музыкалық комедиясы. Қоюшы режиссері – Нұрфат Вахитов.

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры

Аталған театр 6 маусым күні «Ақан сері туралы аңыз» спектаклімен 6 маусымын аяқтады. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл. Режиссері –Уланмырза Карыпбаев.

Маусым қорытындысы бойынша  4 премьера, 88 қойылым көрермен назарына ұсынылды.

Премьералар:

О.Бөкейдің әңгімелерінің желісі бойынша «Ауыл хикаялары 2» драмасы. Режиссерлері: Әли Бидахмет, Нұржігіт Муслимов.   «Ана үміті» моноспектаклі. Авторы – Қайрат Иманәлиев. Режиссері – Уланмырза Карыпбаев.                               

«Ақан сері туралы аңыз» қойылымы. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл. Режиссері – Уланмырза Карыпбаев.          

«Жалдамалы пәтер» қойылымы. Режиссер – Ақниет Жақсығали​. Пьеса  авторы – Қазыбек Аманжол.

Осы маусымда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрына 23282 көрермен келді. Тикетон сайтының ақпаратына сай театр репертуарындағы ең көп сатылымға ие болған қойылым «Келіндер көтерілісі» комедиясы. Авторы – Саид Ахмад, режиссері – Уланмырза Карыпбаев.

«Астана балет» театры

Астанадағы бұл ерекше театр да 6-7 шілдеде 11 маусымды «Ballet Gala» көрсетілімімен жапты.

Биылғы театр маусымында премьералар көп болды. Театр репертуарына көптен күткен тағы 3 қойылым қосылды. Бұл театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахридің хореографиясымен қойылған «От қыз» екі актілі ертегі балеті, әлемдік классика Владимир Яковлевтің хореографиясындағы Сергей Прокофьевтің  «Ромео мен Джульетта» қойылымы және заманауи балеттің үйреншікті емес пластикасын шығарушы ретінде танылған Илья Живой хореографиясымен қойылған «Touch The Light» балеті. Соңғы қойылымның басты ерекшелігі – заманымыздың әйгілі каллиграфы Покрас Лампас каллиграфиясы.

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Сурет: «Астана балет» театры

Ерекше жылы сезіммен мерейтойлық маусымымыздың шымылдығын жауып, көрерменге алғысымызды білдіргіміз келеді. Осы он бір жыл ішінде театрымыз екпінді даму жолына түсіп, талай шығармашылық және кәсіби белестерді бағындыра білді. Біз шығармашылық ынтымақ пен өзара қолғабыс атмосферасын қалыптастырып, нәтижесінде өз әлеуетімізді барынша әйгілей білдік, – деп алғысын білдірді театр директоры Александр Совостьянов.

Сондай-ақ ол театрдың қала тұрғындары мен қонақтарын әр қойылымды асыға күтетін өнер ордасына айналғанын мақтан етінінін айтты.

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Суреттер: «Астана балет» театры

Өнерімізге жанашыр жандардың қатары да жыл өткен сайын арта түсті. Біз дүниежүзіне саяхат құрып, кәсіби біліктілігіміз бен өз ісімізге адалдығымызды паш етіп, өнерімізге тәнті жандардың қатарын көбейттік. Көрермен қауымның қолдауын ерекше бағалаймыз. Бізге деген сенімін де аяқасты етпей, әлі де кемелдене түсіп, талай жетістікке жетеріміз айқын. Көрермен көзайымына айналған әлі талай қойылымдар сахна төрінен көрінері анық, – деп атап өтті Александр Совостьянов.

Театр маусымының жабылу салтанатына орай ұйымдастырылған мерейтойлық кеште келесі спектакльдерден үзінділер көрсетілді: М.Петипа «Баядерка», Г.Ковтун «Спартак» және В.Яковлев «Ромео мен Джульетта», А.Алонсо «Кармен-сюита», Н. Калинина «Шаһризада», М.Авахри «Жібек жолы», бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің туындысы –  «Love Fear Loss»; хореограф А.Тәти шығарған «Ғажайып саяхат» хореографиялық миниатюралары, А.Цой «Қуанамын», А.Садықова және А.Шәмшиев «Серілер салтанаты». Концертке маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестр қатысты.

М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры

Орыс драма театры 123-ші маусымын 8 шілде күні «Брак по-итальянски» қойылымымен қорытындылады.

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Суреттер: М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры

Театрдың 124-ші маусымы «Любовь к трем апельсинам» қойылымының премьерасымен басталады деп жоспарланған.

«Астана Опера» театры

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры осы жылдың сәуір айында К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Г.Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» комедиялық операсының премьерасын ұсынды, көпшілік бұл спектакльді зор ықыласпен қабылдады.

Бұдан бөлек, «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында отандық балетмейстерлердің қойылымында ұлттық балеттік нөмірлердің премьералары өтті, бұл ұлттық мәдениетті қолдаудың және дамытудың маңыздылығын көрсетті.

Есте қаларлық оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тағайындаған өнер саласындағы Umai-2023 екінші ұлттық сыйлығы. Салтанатты рәсім «Астана Опера» сахнасында өтіп, мұндай байқау-сыйлықтардың еліміздің мәдени өміріндегі маңыздылығын көрсетті.

Маусым марапаттарсыз өтпеді: театр спектакльдері түрлі аталымдарда мәдениет, өнер және спорт саласындағы жетінші Ticketon Award қазақстандық сыйлығын жеңіп алды. Ғ.Мүсіреповтің либреттосына қойылған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» ауқымды ұлттық опера спектаклі «Жыл операсы» атағын иеленсе, ал Р.Ребектің қойылымында «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» әсерлі хореографиялық туындысы «Жыл балеті» сыйлығын алды. «Астана Опера» балетінің дарынды солисі Шұғыла Әдепхан «Жыл балеринасы» атанумен қатар жалпы дауыс саны бойынша барлық аталымдарда көш бастады, бұл оның жоғары шеберлігі мен көрермендердің оған деген махаббатының көрінісі.

Бұл маусым «Астана Операның» беделді халықаралық байқауларда марапаттар иеленген жас солистері үшін де олжалы болды. Дінмұхамед Көшкінбаев Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауында үшінші орын алды, сондай-ақ арнайы жүлде – Будапештегі концерт пен З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының қойылымына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Оның табыстары мұнымен шектелген жоқ: ол «Культура» арнасындағы «Большая опера» халықаралық телевизиялық жобасында кәсіби қазылар алқасын да, телекөрермендерді де өзінің дарынымен және харизмасымен тәнті етіп, жобада жеңіске жетті.

Театрдың балет әртісі Қуат Кәрібаев та Ресейдегі «Одиссея-Arts» халықаралық көпжанрлы арт-олимпиаданың «Хореография» номинациясында I дәрежелі лауреат  атанып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оның көрсеткен өнері жоғары шеберлігі мен көркемдік мәнерлілігі үшін атап өтілді.

«Астана Опера» солистерінің Нұржамал Үсенбаеваның бірінші халықаралық вокалдық өнер байқауына қатысуы, онда Расул Жармағамбетовтың Бас жүлдені иеленуі осы маусымдағы жеңістердің түйіні болды. Оның қуатты дауысы мен әсерлі орындауы қазылар алқасы мен көрермендердің жүрегін жаулады. Екінші сыйлық «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Фируза Рахметоваға берілді, ал театр солисі Ұлпан Әубәкірова үшінші орынды иеленді.

Сонымен қатар театр жас дарындарға қолдау көрсетіп, беделді музыкалық додалардың бірі – Познаньдағы Генрик Венявский атындағы ХVI халықаралық скрипкашылар байқауының жеңімпазы Меруерт Карменова сынды тамаша музыканттарға елордалық сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Астана Опера» көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Бекзат Рақымов (Мәскеу / Алматы) және Александр Кутузовтың (Алматы / Мәскеу) концерттерін өткізді.

Айтулы жеңістер мен иеленген марапаттардан бөлек, әртістер шетелде де «Астана Операның» атын шығарды. Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев Хельсинкидегі Фин ұлттық операсында 2024 жылғы 9 ақпан мен 19 наурыз аралығында өткен П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының ондаған спектакльдерінің топтамасына дирижерлік етті. Бұған қоса, А.Бөрібаев Венгрия астанасы Будапеште М.Мусоргскийдің «Борис» Годунов» операсының премьерасын және С.Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік» операсын ұсынып, сыншылар мен көрермендердің жоғары бағасын алды.

«Астана Опера» театрының солисі Азат Мәлік Будапештегі Венгрия мемлекеттік опера театрының шақыруымен Дж.Пуччинидің «Богема» спектаклінің топтамасында Шонардың партиясында зор табыспен өнер көрсетті.

«Астана Опера» балетінің әртістері де халықаралық сахнада жарқын өнер көрсетті. Жетекші солист Бақтияр Адамжан мен дарынды солист Анастасия Заклинская Женевада Ролан Петидің «Бозбала және өлім» балетінің премьерасына қатысты. Сондай-ақ Бақтияр Адамжан театр примасы Айгерім Бекетаевамен бірге Кипрдегі Курион тарихи амфитеатрында өткен Гала-балетте табысты өнер көрсетті. Олардың орындауындағы Риккардо Дригоның «Талисман» және Арам Хачатурянның «Спартак» балеттерінен па-де-де кипрлік аудиторияға зор әсер етті.

Осы маусымда жас дарындарды қолдауға және дамытуға айрықша көңіл бөлінді. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өткен BALA MUSIC FEST Қазақстанның түрлі өңірлерінен балалардың басын қосты. Бұл республикалық фестивальдің тұжырымдамасы жас дарындарға кәсіби өнер әлемінің есігін ашып, балаларды шығармашылыққа шабыттандыруды және олардың музыкалық дамуына қолдау көрсетуді мақсат етті. 

Сондай-ақ «Астана Опера» классикалық музыканы ұнататын жандардың назарына театрда дәстүрге айналған Double Reed («Қос түтік») фестивалін ұсынды.

Елордада 31 мамырда ашылған «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалін барлығы да асыға күтті, өйткені оның өткізілуі – әрқашанда жаздың ең айтулы мәдени оқиғаларының бірі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» сахнасында ұсынылған жиырмадан астам қызықты шараға түрлі елдерден танымал әртістер қатысты.  Әртүрлі дәуірлердің өнерін біріктірген мәдени марафон 13 шілдеге дейін жалғасып, көрермендерге опералық қойылымдар, балеттер мен концерттік өнер көрсетулерді қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынды. 

Театр 11-ші маусымын 13 шілдеде қорытындылады. К.Вебердің «Ерікті мерген» операсының концерттік орындаудағы премьерасы сахналанды.

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Суреттер: «Астана Опера» театры

Осы ретте «Астана Операның» таңғалдырарлық нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтуге болады. Тұтас маусым ішінде театрға 90 мыңнан астам көрермен келді. 54 балет, 59 опера, 93 концерт пен К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы 16 шағын операны қосқанда 261 іс-шара өтті. Театр фойесінде репертуарлық спектакльдерге, имидждік шараларға, сондай-ақ «Астана Операда» ерекше орын алатын балалар шығармашылығына арналған 55 көрме қойылды. Балалар қолөнер студиясының тәрбиеленушілері Наурызға және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 2 маңызды көрме өткізді. Жалпы, театрда Балалар театр студиясының хор, балет және қолөнер бөлімдері қызметін ойдағыдай жалғастыруда. Масс-медиада үш тілде 504 баспасөз-релизі жарияланып, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері 5 мыңға жуық материал шығарды, бұл театрдың қызметіне жоғары қызығушылық бар екенін айғақтайды.

Осылайша, «Астана Операның» 11-ші маусымы театр тарихында және көрермендердің жүрегінде естен кетпес із қалдырған жарқын премьераларға, табысты гастрольдер мен айтулы мәдени оқиғаларға толы болды. Алда театр кезекті демалыста болғанда елордалық көпшілікті гастрольшілер – Корея заманауи би ұлттық компаниясы мен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының труппаларымен кездесу күтеді. Сондай-ақ тамызда К.Байсейітова атындағы Камералық залдың есіктері ашық болады.

Қаллеки театры

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры 33-ші маусымын 14 шілдеде «Қарагөз» спектаклінің премьерасымен аяқтады.

Уақыт пен қоғам трагедиясын көрсеткен «Қарагөз» драмасын исі қазақ біледі. Ес білгелі демесек те, мектеп оқушысы кезінен етене таныс есімдер Қарагөз, Сырым, Нарша... Екі күн қатарынан сахналанған премьераға келген  көрермен актерлер өнеріне тік тұрып қошемет көрсетіп, зор ықылас білдірді. 

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Суреттер: Қаллеки театры

Қойылымның авторы – М.Әуезов. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Киім суретшісі – Мадина Қосмағанбетова.

Спектакльде Қарагөз рөлін актриса, «Дарын» сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева, Сырымды екі құрамда Әнуар Бектас, Әли Қалдар, Нарша рөлін Бәзіл Сұлтанғазы, «Дарын» сыйлығының лауреаты Жасұлан Ерболат сомдады. Оған қоса «Құрмет» орденінің иегерлері Майра Омар, Ержан Нұрымбет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбай, Асылбек Қапаев, Жанқалдыбек Төленбаев, актриса Айнұр Жетпісбаева, Арай Омарова және тағы басқа актерлер түгелдей дерлік бой көрсетті.

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Суреттер: Қаллеки театры

Театр жарты жыл ішінде көрерменге репертуарындағы 33 қойылым мен 5 премьера қойды. Атап айтқанда, «Қыз Жібек» драмалық операсы (авторы: Ж.Шайхисламұлы, Ғ.Мүсірепов. Режжисері: Ә.Өмірбекұлы), «Патша көңілім, не дейсің?!» комедиясы (авторы: Қ.Жиенбай, Режжисері: Н.Жұманиязов), «Әйел құпиясы» лирикалық драмасы (авторы: Э.Филиппо, Реж: Б.Ұзақов), «Войцек» драмасы (авторы: Г.Бюхнер, Реж: Ұ.Қабыл), «Қарагөз» трагедиясының (авторы: М.Әуезов, режиссері: Г.Миргалиева) премьерасы көрсетілді.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында ең үздік деп 5 қойылым танылды. Олар: «Қызыл орамалды шынарым», «Шәмші», «Алтайдан ауған ел», «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш», «Ұйқым келмейді» спектаклі.

Музыкалық жас көрермен театры

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің 4-ші театр маусымын 14 шілде күні Д.Исабековтың «Гауһартас» музыкалық драмасымен салтанатты түрде жапты.

Музыкалық драманың авторы Қазақстанның еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабеков, қоюшы режиссері және сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, сценография және костюм суретшісі Алма Сырбаева, қойылым лейтмотивін жазған Бауыржан Ақтаев, қоюшы-хормейстер Мәдениет саласының үздігі Ғалымжан Берекешов, қоюшы-хореограф Уәлитбек Сиязбек, режиссердің ассистенттері Бауыржан Нұрбай мен Оразалы Игілік, жарық қою суретшісі Айдын Досаев, дыбыс режиссері Сабина Ильясова, режиссердің көмекшісі Гүлдана Әбдісадық және Нұрай Рысбекова, музыкамен сүйемелдеуші – театр ансамблі.

Қазіргі таңда Музыкалық жас көрермен театрының ашылғанына төрт жылдай уақыт өтті. Биылғы маусым да театр ұжымы үшін табысты болып, жаңа премьералардың тұсауы кесілді.

Осы маусымда театр қоржынына «Мәңгілік мұңның әуені» музыкалық-поэтикалық концерті, «Қоштасқым келмейді...» музыкалық драмасы, «Қар ханшайымы» музыкалық ертегісі, «Мадемуазель Нитуш» опереттасы, «Махаббат жағалауы» психологиялық драмасы және «SHOCK қыздар» комедиясы еніп, 7 жаңа премьерамен толығып, театр  репертуарының жалпы қойылымдар саны 23-ке жетті.

Сондай-ақ көрермендерге 308 мәрте спектакль ұсынып, бұл қойылымдарды 71 636 көрермен тамашалады.

«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры

63-концерттік маусымда «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры өнер сүйер қауымға «Ент тапсырмаймын», «№13», «Сиқырлы сазды хор-концерт»,  «Алдар көсе», «Роза Бағланова» сынды 15 қойылым ұсынды.

Театр маусымы «Daegu International Musical Festival» халықаралық фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» номинациясын жеңіп алған «Роза Бағланова» мюзиклімен жабылды.

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Суреттер: «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры

Сондай-ақ театр наурыз айында Петропавл қаласында гастрольдік сапармен болып, Петропавл жұртшылығына әдемі музыкалық кеш тарту етті.

Мамыр айында «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры сахналаған Р. Кунидің «№13» спектаклі II Халықаралық «Сәлем» комедия театр фестивалінде «Үздік комедиялық қойылым» номинациясын жеңіп алды.

Театр құрылғаннан бері ұжым мүшелері жаңа сахналық көріністерімен көрермендерін қуантудан еш жалыққан емес. Өнер ұжымы әдемі сазды әуен, хореография, актерлік шеберлік, акробатика секілді музыкалық-сахналық қойылымдарымен жақсы таныс. Өзге шығармашылық ұжымнан ерекшелігі – мұнда әрбір  пьесаға музыкалық әуендер арнайы жазылады, сондай-ақ, әлемдік  туындылардың  авторынан рұқсат сұралып, франшизасы алынған.

Қуыршақ театры

Ал Қуыршақ театры жазғы маусымға жабылмайды. Театр жарты жылдықта 212 қойылым қойды, Оған келген көрермен саны – 14 466. Жыл басынан бері 2 премьера қойылды. Олар «Қуыршақтар мерекесі» қойылымы (авторы: М.Арғымбаева) және «Мысықтар әлемі». Авторы және режиссері А.Юдина.

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Астанада театр маусымы қандай қойылымдармен жабылды

Суреттер: Қуыршақ театры

Сұранысқа ие қойылымдары: Г.Х.Андерсеннің  «Қайта оралған су перісі» ертегісі, « Қаңбақ шал» қазақ халық ертегісі, М.Арғымбаева «Элвин және жұмбақ орманның тұрғындары», А.Салаева «Алдар көсе жайлы не білеміз?».

Сондай-ақ Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры өзінің 90-шы мерейтойлық маусымын Х. Левенсхольдтың «Сильфида» романтикалық балетінің жаңа қойылымымен аяқтады.
Ал Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры маусымды театрдың 90 жылдығына арналған мерейтойлық Гала-концертпен жапты.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 98-ші маусымын 25 маусым күні «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклімен қорытындылады.
28 маусымда Мемлекеттік Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры 92-ші маусымын «Инь-Янь» қойылымымен аяқтады.
Республикалық академиялық Неміс драма театры 30 маусымда «Человек подушка» спектаклімен 44-ші маусымының шымылдығын жапты.
Талдықорған қаласында орналасқан Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 48-ші маусымын Қ.Тілеуханның «Медаль» спектаклінің премьерасымен аяқтады. Қойылым 29 және 30 маусымда көрерменге ұсынылды.
31 шілдеде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 78-ші маусымын «Ұлпан» спектаклінің премьерасымен жабады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға