Polisia.kz

Астанада танымал оқу орталығына қатысты іс қозғалды

20.05.2025 17:04

Астанадағы Gasyr Foundation оқу орталығына қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Астана қаласының полиция департаменті Gasyr Foundation оқу орталығына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл орталықтың бөлімшелері Астана, Алматы және Ақтау қалаларында орналасқан.

Орталық өз қызметін «Оксфорд, Гарвард және әлемнің үздік университеттеріне түсуді қамтамасыз етеміз» деп жарнамалап келген. Оқушылар мен олардың ата-аналарына шетелдік жоғары оқу орындарынан грант пен жоғары стипендия беріледі деп ауызша уәде етілген. Сонымен қатар, құжаттарды 25 елдегі университеттерге бірден тапсыруға болатыны айтылған. Астанадағы орталықта бір жылдық оқу құны шамамен 2 миллион теңге болған.

Gasyr Foundation орталығында оқыған балалардың ата-аналары полицияға ұжымдық шағым түсірген.

Тергеу барысында анықталғандай, азаматтар шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық курстарына жазылып, келісімшартқа қол қойып, толықтай төлем жасаған. Алайда көрсетілуі тиіс білім беру қызметтері ұсынылмаған, – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.