Астанада су тапшылығы қалай шешіледі
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек су тапшылығы алдағы 3-4 жылда болмайтынына сендірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана тұрғындары биыл ауыз судың тапшылығын сезініп отыр. Судың қысымын реттеу бойынша іске асатын жобалар қандай? Астаналықтарға су үнемдеу технологиясын пайдаланатын уақыт таяған жоқ па деген сауал қойылды.
Осы айдың басында су мәселесіне қатысты оңай жағдай болған жоқ. Қала тұрғындарының саны өсіп жатыр. Осы жылдың басында су тапшылығы күніне 25 мың куба метр болды. Қазір «Астана су арнасынан» келетін қосымша тағы бір су құбырын іске қостық. Ол осы тапшылықты толығымен жапты. Бүгінде қалада ондай мәселе жоқ. Кеше ғана біз жаңа насос станциясында бірнеше этап бойынша құрылыс жұмыстарын бітірдік. Бұл жаңа станция күніне 35 мың куба метр суды беретін болады. Тамыз айында екінші кезең бітеді. Ол қосымша тағы күніне 70 мың куба метр. Осы нысан және жаңа берілген құбыр 3-4 жылға су тапшылығын болдырмайды, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, ол бұдан бөлек екі жоба бойынша құжаттар дайындалып жатқанын және келесі жылы құрылыс жұмысы басталатынын айтты.
Бұл – «Нұра су арнасынан» 50 мың куба метрді күніне қалаға әкелу және тағы бір насос станциясын жөндеу жұмыстары. Бұл қосымша тағы 2-3 жылға суды мәселесіз беруге мүмкіндік береді. Бұдан өзге тағы бір үлкен жоба «Ертіс-Қарағанды» каналына құбырды тарту. Ол жоба 2026-2027 жылға дейін толық бітсе, алдымздағы 15-20 жылға су тапшлығын болдырмауға кепілдік береді, – деді әкім Жеңіс Қасымбек.